Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 турнирінде армия дзюдошылары «алтын» және «қола» олжалады
Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ерлер мен әйелдер арасында Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтті.
Кіл мықты балуандар сайысында армия спортшылары екі марапат иеленді. 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік Сабина Гилязовамен жекпе-жекте Қарулы күштердің қызметкері Ғалия Тынбаева дзюдошыларымыздың қоржынына 1000 ұпаймен алтын салып, жеңіске жетті. Бұл оның спорттық мансабындағы Grand Slam әлемдік турниріндегі алғашқы алтыны.
81 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдескен қатардағы жауынгер Абылайхан Жұбаназар швейцариялық Орелиен Бонферрониді жеңді. Армия спортшысы бұл жекпе-жекте 500 ұпай жинады.
Бесінші нәтижені 70 келіге дейінгі салмақта ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Екатерина Токарева көрсетті.
Бұл 2024 жылғы Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпайларды көрсететін, IJF World Judo Tour шеңберіндегі Үлкен дулыға турнирінің соңғы кезеңі екенін айта кеткен жөн.
Ірі спорттық шарада әлемнің 84 елінен 450 балуаны бағын сынады. Қазақстан құрамасы турнирді бесінші орында алтын және үш қола медальмен аяқтады. Медаль саны бойынша Қазақстан құрамасы Жапония, Италия, Қытай және Хорватия командаларынан кейінгі орынға тұрақтады.
Турнирдің қорытындысына қарай биылғы жылдың 19–24 мамырында Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін команда құрамы айқындалатын болады.