Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасын дамытуға елеулі серпін беру қажеттігін атап өтті

16-05-2024, 10:09 Мадина Айдарова

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдің бірқатар жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындарына барып, құрылыс және жылу оқшаулағыш материалдар, ауыл шаруашылығы және жүк техникасы өндірісін арттыру перспективаларымен танысты.

Премьер-Министр Kazrost engineering Ltd. компаниясы цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған, бағдарламаланатын талшықты-оптикалық лазерлік станоктармен, заманауи табақ ию және құбыр бүккіш станоктармен, жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу аппараттарымен, CББ бар жону-фрезерлік жабдықтарымен және өндіріс процесіне қажетті басқа да құрылғылармен жабдықталған. Зауытта жыл сайын 1 мың комбайн мен 1 мыңға дейін трактор шығарылады. Кәсіпорын астықты өңірлердің бірінде орналасқандықтан өндірілетін өнімге сұраныс жоғары. Негізгі тапсырыс беруші – «ҚазАгроҚаржы» АҚ.

Kazrost Engineering Ltd. басқарушы директоры Дарын Иманмұсаев өндірісті кеңейту және моделдік қатарды ұлғайту жөніндегі алдағы жоспарлар туралы баяндады. Локализацияны тереңдету және қазақстандық қамту көлемін ұлғайту мақсатында кабиналар, көлбеу камералар мен капоттар өндірісі бойынша қосымша цех салынып, заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады. Қазіргі уақытта жобалау және жобалау алдындағы құжаттама пысықталуда.

Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласында машина жасауды дамытуға елеулі серпін беру қажеттігін атап өтті. Аталған бағытта Үкімет отандық кәсіпорындарды қолдауға ниетті, сондай-ақ Kazrost Еngineering Ltd., Claas және басқаларын мысалға ала отырып саладағы әлемдік жетекші компаниялар өндірісін локализациялауға мүдделі. Осыған байланысты жақын арада осындай кәсіпорындарды қолдаудың, оның ішінде импорттық техниканы субсидиялаудан бас тарту және Қазақстанда өндірілген техникаға субсидияларды арттыру жолымен қолдаудың жаңа құралдары енгізілетін болады.

Премьер-Министр Макинск жылу оқшаулау зауытында болып, онда өндіріс барысымен танысты, жабдықтар мен дайын өнімдерді қарап шықты. Кәсіпорын құрылыс индустриясы үшін жоғары экспорттық әлеуеті бар жылу оқшаулағыш материалдар шығарады. Өндірісте италиялық компанияның технологиялық желісі енгізілген. Зауыттың қуаттылығы жылына 34 мың тонна дайын өнімді құрайды. Мұнда базальт негізіндегі жылу оқшаулағыш материалдардың барлық түрі, соның ішінде сэндвич-панельдеріне арналған плиталар да шығарылады. 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында 1,4 млрд теңгенің 5 832 тонна минералды мақта плиталары өндірілді.

Зауыттың бас директоры Жасұлан Мұхаметжан өнім қуатын жылына 34 мың тоннадан 50-55 мың тонна дайын өнімге дейін арттыру үшін словакиялық серіктестерімен заманауи центрифугаларды жеткізу жөніндегі бірлескен жоба туралы айтты. Бұдан өзге, жаңғырту аясында қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды қысқарту жоспарланып отыр. Зауыт жаңа технологияларды енгізудің арқасында болашақта қоршаған ортаға теріс әсері жоқ кәсіпорындарға берілетін «жасыл» өндіріс мәртебесін алуға ниетті.

Көкшетауда Үкімет басшысы керамикалық қаптама кірпіш өндіруші жергілікті ENKI кәсіпорнының әлеуетімен танысты. Бір жыл ішінде өндіріс көлемі 16,5%-ға өсіп, 4,3 млрд теңгеден асты. 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларында 629 млн теңгенің өнімі шығарылды. Бүгінгі таңда зауыт 90% жұмыс істеп тұр. Оның жалпы жобалық қуаты жылына 90 млн кірпішті құрайды.

Анықтама: Ақмола облысында 1290 өнеркәсіп кәсіпорны, оның ішінде 27 ірі, 53 орта және 1210 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларында өңірдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 279,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,1%-ға өсіп, 204,4 млрд теңгені құрады. Бұл ретте жалпы көлемнің 16,6%-ы машина жасау саласына тиесілі. Сала қарқынды өсім көрсетіп отыр: өндіріс көлемі жыл басынан бері 3,6%-ға артып, 33,9 млрд теңгені құрады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив