Оқу-ағарту министрі «Алтын белгіге» үміткер оқушылармен кездесті
Оқу жылының аяқталуының қарсаңында Ғани Бейсембаев «Алтын белгіге» үміткерлермен кездесу өткізді. Үздік оқу үлгерімімен ерекшеленген 7 мыңнан астам мектеп бітірушіге министр өзінің ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді.
Ғани Бейсембаев мектепте алған білімнің болашақта кәсіби табысқа жетудің мықты іргетасына айналарына сенімділік білдірді.
Кездесуге сондай-ақ өткен жылғы «Алтын белгі» иегерлері де қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, биылғы үміткерлерді білім шыңына шабыттандырды. Олардың бірі «Minerva» калифорниялық университетінің студенті Ақнұр Әбдікәрім.
Кездесу кезінде түлектердің әрқайсысы өздерінің жетістіктері туралы айтып, болашаққа жоспарларымен бөлісті, министрге сұрақтарын қойды, пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар сапалы білім алу мүмкіндігін беріп, қолдау танытқан еліміздің үкіметіне алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, биылғы жылы жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатына 7000-нан астам білім алушы үміткер болып отыр.