Абай облысының білім беру көрсеткіші алдыңғы орында
Бүгінгі күні Абай облысында 226 486 баланы қамтитын 747 білім ошақтары бар. Облыс бойынша білім саласындағы мәселелерді шешу мақсатында «Абай облысының білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жол картасы» аясында атқарылып жатқан игілікті істер жетерлік.
Өткен жылы Семей қаласында облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, «Асыл Мирас» аутистік спектрдің бұзылуы бар балаларды қолдау орталығы және Абай ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Дәл осындай кабинетті Курчатов қаласында да ашу жоспарда бар.
Облыстың 14 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері қызмет атқарады. Биыл қыркүйек айында Семей қаласының екі мектебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылмақ. Қазіргі уақытта облысымызда 197 мыңға жуық балаға 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс жасайды.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтудың аясын кеңейту мақсатында 2023 жылдың басынан бастап 2 619 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Сондай-ақ, балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында, 2027 жылға дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9 балабақша салу жоспарлануда. Биыл Семей қаласында 4 балабақша салу жоспарда бар.
Жайлы мектеп жарқын болашаққа жетелейді
Қазіргі таңда біздің алдымызда негізгі басымдық болып, білім беру инфрақұрылымын дамыту және апатты мектептерді жою міндеті тұр. Оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында өңірде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 700 орындық
11 жаңа мектеп салынады. 2023 жылы облыста барлығы 5 мектептің құрылысы басталды. Абай облысының кешенді даму жоспары бойынша 2023-2027 жылдары 2600 орынды қамтитын 6 шағын жинақталған мектеп және 6 мектеп ғимаратына қосымша құрылыстар салу жоспарланды. Бұл мектептердің құрылысы облысымыздағы оқу орындарының тапшылығын және апатты мектептер мәселесін шешеді.
Сондай-ақ, 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстары 11 білім беру ұйымында, ағымдағы жөндеу жұмыстары 143 мектепте жүргізілсе, 2024 жылы екі білім беру ұйымына күрделі жөндеу, 61 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Абай облысына жұмыс сапары барысында берілген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2023-2024 оқу жылында өңірлік университет базасында 2 ІТ-мектеп ашылды («Shakarim High School», «Abay it-Scholl» ІТ-мектебі). Мектеп тілдерді тереңдетіп үйретуге, педагогикалық қызметті жүргізуге және IT-бағытқа бағытталған.
Балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында, барлық білім беру ұйымдары толықтай цифрлы бейнебақылау камераларымен, турникеттермен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда цифрлық технология қызметінің жедел дамуына байланысты облысымызда 70 мектеп жаңа модификациялық және STEAM кабинеттерімен жабдықталды. 2024 жылы қосымша 50 мектеп 50 жаңа модификация кабинетімен жабдықталмақ. Сонымен қатар кәсіптік техникалық білім беру бағыты бойынша IT колледжін ашу жоспарланып отыр.
Білім сапасын арттырудың маңызы зор
Абай облысы педагогтерінің IT бағытта кәсіби шеберліктерін арттыру, инженерлік бағытта қызығушылығы бар білім алушыларды оқыту, білім саласында цифрландыру және инновация бағыты бойынша жүйелі жұмыс нәтижесін беріп келеді.
2023 жылы педагогтер үшін облыстық семинарлар, байқаулар, информатика, робототехника пәні мұғалімдеріне арналған І съезд, өңіраралық ғылыми-практикалық конференциялар, «Digital teacher» облыстық IT хакатоны ұйымдастырылып өткізілді.
Оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған облыстық «Мерейлі ұстаз» жобасы ойдағыдай орындалып отыр. Білім сапасын көтеру және оқыту қызметін жүйелендіру мақсатында бірқатар аудандарға әдістемелік көмек көрсетілді, биыл да мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету жалғасын табады.
Қазіргі күнде облыс бойынша 35 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында 21 585 студент білім алуда.
Биыл жұмысшы мамандықтарын меңгерген студенттер үшін үлкен мүмкіндік тудыратын, ғылымға кең жол ашатын ауқымды чемпионатта Абай облысы алғы шепте көрінді. «Worldskills Kazakhstan-2023» сегізінші республикалық чемпионатында Абай облысының студенттері үздік атанды. Бұл жарысқа елімізден 545 маман және еліміздің барлық өңірінен 520 сарапшы қатысқан еді. Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында алғашқы қатардан көрінген біздің аймақтың құрама командасы ерекше болғанын еш жасыра алмаймыз. Командалық есепте 30 құзырет бойынша 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған жергілікті студент жастардың топжарғаны жанкүйер қауымның мерейін асырып, педагогтердің мәртебесін арттырды. Облысымыздың студенттері бар кәсіби шеберліктері мен дағдыларын көрсетіп, еліміз бойынша ең үздік атанды. Енді жеңімпаздар 2024 жылғы қыркүйек айының 10-ы мен 15-і аралығында Францияның Лион қаласында өтетін Worldskills халықаралық чемпионатына барады. Облыстың намысын қорғап, абыройын асқақтатқан облыс командасы тәуелсіз мемлекетіміздің атынан халықаралық бәсекеге жолдама алды.
Бағыты айқын бағдарлама
Абай облысында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қолға алынған. Бағдарлама аясында «Еңбегі адал жас өрен», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Балалар кітапханасы», «Ұлттық мектеп лигасы», «Күнделікті пайдалы тағам», «Зиянды әдеттер аулақ бол» жобалары облысымыздың 70 мыңға жуық оқушысын қамтыды.
Сондай-ақ, балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде мемлекеттік орта білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары 301 білім беру мекемесінде ашылды және осы орталықтардың жұмысын үлестіру бойынша 342 педагог арнайы курстан өтті.
Абай облысының аумағында 12 балалар сауықтыру лагері бар. 2023-2027 жылдарының кешенді даму жоспарына сәйкес 3 маусымдық қала сыртындағы лагерь салу көзделген. Биыл абай ауданында 40 орындық жазғы сауықтыру лагері ашылады. 2026 жылы Семей қаласында 500 орынға көпфункционалды орталық ашу жоспарланған.
Абай облысы болып құрылғалы білім беру жүйесін жетілдіру, мемлекеттік бағдарлама қойған міндеттерді шешу жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Өңірлік білім беруді жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік бере отырып, биыл да жаңа белестерге қол жеткізуге нақты сенім бары қуантады. Абай облысының білім саласын дамыту бойынша жұмыстар барлық бағытта жалғасады.