Мәдениет саласының үздіктері марапатталды
Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Семейде жиналған қауымға ерекше әсер сыйлаған тамаша шара өтті. Қала әкімнің орынбасары Арайбек Хамзаев Семей қаласының ертеден ұлт руханиятының қайнар көзі болып келе жатқанын айта келе, бұл мерекенің де маңызы бар екенін атап өтті.
Облыс орталығындағы мәдени нысандардың да ұлылардың ізі қалған шаһардың тарихи мәнін арттырары даусыз. Республикалық Абай музейі, биыл 90 жылдық тойы аталып өтетін Абай атындағы театр, 140 жылдық тарихы бар Абай облыстық кітапханасы, Облыстық өлкетану музейі сияқты көркімен көз тартқан нысандардың ел мәдениетінде алар орны биік. Сондықтан да шараның «Мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары» деп аталуының өзіндік мәнісі бар.
Алдымен бір топ зиялы қауымның Абай және оның ұрпақтары ескерткішіне гүл шоқтарын қоюымен басталған шара мәдениет саласының әр аталым бойынша үздіктерін марапаттауға ұласты.
Атап айтқанда, Семей қалалық Мәдениет сарайының директоры Рашид Асылов пен осы мекеменің мәдени қызметкері Айбек Жалелов Абай облысы әкімінің Құрмет грамотасына лайық болып танылды. Белгілі дәстүрлі әнші Алтын Смасейітова «Үздік дәстүрлі әнші», Серікбол мен Ақбота Сейілхановтар «Үздік дуэт», айтыс өнерінің жүйрігі болып топ жарған, өткен жылғы «Алтын домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин «Үздік ақын» аталымын иеленіп, халық құрметіне бөленді.
Мәдениет саласының өзге де еңбегін ел мойындаған таланттар шығармашылық биігінен көрініп, құрметке бөленді.