Сенатта мемлекеттік сатып алулардың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған заң таныстырылды
ҚР Парламенті Сенатында сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиядан арылту, рәсімдерді одан әрі автоматтандыру, құрылыс нарығын монополиясыздандыру, сондай-ақ сатып алудың бірыңғай тұғырнамасын жасау мақсатында әзірленген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң депутаттарға таныстырылды.
Заңда сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін мемлекеттік органдардың осы ақпараттық жүйесін кеңінен пайдалану және қоғамдық бақылауды енгізу арқылы өнім берушіні таңдауда бағадан тыс өлшемшарттарды дамыту ұсынылады. Сатып алу және бюрократизация процесін оңайлату мақсатында шағымдарды қараудың жаңа тетігін енгізу, сондай-ақ бақылаушы орган – Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің рөлін қайта қарау жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда жекелеген ірі компаниялардың монополиялық жағдайы мен олардың құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігерлікке беруіне негізді сын да бар. Осыған байланысты шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі мен теріс мән түріндегі баға шарттарын қолдану жалғасатын болады. Жұмыстарды орындау орнында тіркелген өнім берушілерге 1% мөлшерінде шартты жеңілдік беріледі. Бұл өлшем шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға, сондай-ақ тиісті өңірде салық түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді.
Одан басқа, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында сатып алу бойынша бірыңғай тұғырнама құрылатын болады. Бірінші кезеңде ағымдағы сатып алу алаңдары сақталады және сатып алу бойынша егжей-тегжейлі ақпарат жинау және көрсету үшін интеграция жүргізіледі. Бұл қолда бар сатып алу алаңдарын бір мезгілде ажырата отырып, бірыңғай сатып алу порталына кезең-кезеңімен көшуге мүмкіндік береді.