Сенаторлар халықтың шамадан тыс несие алуын азайту туралы заңды қарады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын реттеу туралы заңды қарады, сондай-ақ, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Заң банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.
Атап айтқанда, заңда азаматтарға мерзімі өткен кредиттерінің уақыты 90 күннен асқан жағдайда және жұбайының немесе зайыбының келісімінсіз несие беруге тыйым салу қарастырылған. Одан бөлек, қаржы нарығындағы кибер алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де ескерілген. Енді электронды қарыздар беру кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентті биометриялық сәйкестендіру тәртібін жүргізуге міндеттеледі.
Талқылау барысында сенаторлар құжаттағы нормаларды концептуалды тұрғыдан мақұлдап, оған бірқатар түзету енгізді және заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
Сенаторлар ұсынған өзгерістердің қатарында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін Ұлттық Банк бюджетінен қаржыландыруға көшіре отырып, оны республикалық бюджеттен қаржыландыру құрамынан алып тастау туралы құқықтық тетіктер бар. Сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде заңда көзделген қарыз өтеуді кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту ұсынылды. Бұл түзету запасқа шығарылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасуға және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге уақыт беру мақсатымен қарастырылып отыр.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Нұртөре Жүсіп Үкіметті қиын жағдайға тап болған әйелдерге, көпбалалы және жалғызбасты, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға көмек көрсетіп келе жатқан Орталықтарды қолдау тетіктерін арттыруға шақырды.
Айнұр Арғынбекова скринингтік бағдарламалар тиімділігінің төмендігіне және ауруды ерте сатысында анықтауға қажетті медициналық жабдықтардың тапшылығына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты сенатор министрліктер мен әкімдіктерге медициналық мекемелердің инфрақұрылымын жаңартуға қосымша қаржы бөлуді ұсынды.
Руслан Рүстемов мемлекеттік тілде сапалы мультфильмдердің тым аз екеніне назар аударып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу ісінде мұндай өнімдердің маңызы зор екенін айтты. Осыған орай депутат бірқатар ұсыныс жасады. Олардың қатарында Отандық анимацияны дамыту тұжырымдамасын әзірлеу, «Анимация өнері» құрылымын құра отырып, «Кинематография туралы» заңды қайта қарау және тағы басқа бастамалар бар.
Алтынбек Нұхұлы белгілі археолог, көрнекті ғалым, ұлттық ғылымға зор еңбек сіңірген қайраткер Кемел Ақышевтің 100 жылдығын жоғары идеологиялық деңгейде атап өту мәселесін көтерді. Кемел Ақышев – Есік қорғанынан Қазақстан Тәуелсіздігінің символына айналған «Алтын адамды» тапқан әйгілі археолог.
Амангелді Толамисов Қазақстанда суретшілер құқықтық мәртебе болмауына байланысты көптеген игілікке қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Депутаттың пікірінше, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет, сондай-ақ, мектеп бағдарламасына «Бейнелеу өнері» пәнін қайтару маңызды.