Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Астанада есімдері аңызға айналған қазақстандық жауынгерлерге арналған дөңгелек үстел өтті

23-05-2024, 14:22 Мадина Айдарова

Елорданың Достық үйінде биыл 100 жылдық мерейтойлары аталып жатқан Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған шара өтті.

Оны «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырды.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті өкілдерінің, Қарулы күштер ардагерлерінің, Ұлттық қорғаныс университетінің, әскери кафедралардың, оқу орындарының алғашқы әскери даярлық пәні оқытушыларының, С. Нұрмағамбетов пен Р. Қошқарбаевтың туыстарының кездесуі дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылды.

Отырыста елордалық Еуразия ұлттық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті жанындағы колледждердің, Көлік және коммуникация жоғары колледжінің, М. Жұмабаев атындағы Халықаралық колледждің және Ғ. Мырзағұлова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінің студенттері баяндама жасады. Олар Кеңес Одағының Батырлары – Ысқақ Ыбыраев, Леонид Беда, Сүндетқали Есқалиев және Әнуар Әбутәліповтардың жауынгерлік жолы мен ерлігі жайлы айтып берді. 

– Биыл біз қазақ халқының көрнекті ұлдары – Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, №1 Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың және Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығын атап өтудеміз. Уақыт бізден бейбітшілік пен бостандық жолында халық басынан өткерген сұрапыл соғыс жылдарының ауыртпалығынан, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қиындықтардан алшақтатып барады. Аға буынның жасаған ұлы істері тарих еншісінде. Осы тынымсыз уақыт ағымында кешегі мен бүгінгіні байланыстырушы дәнекерді сақтай білу - парызымыз, – деді «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов.

Кездесу барысында дөңгелек үстелдің өзге де қатысушылары баяндамаларын жеткізді.

Сағадат Нұрмағамбетовтың немересі – Лира Талғатқызы және Рақымжан Қошқарбаевтың немересі Дәурен Жанатұлы да аталары жайлы естеліктерімен бөлісті.

Іс-шара соңында дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген колледж студенттеріне сертификаттар тапсыру рәсімі өтті. Сонымен қатар, Астана қаласының колледждері арасында «Батыр баба тарихы» зияткерлік ойынының үздік қатысушылары аталды. Бірінші орынды М. Жұмабаев атындағы Халықаралық колледждің білгірлері, екінші орынды Сервис және туризм колледжі, үшінші орынды Ғ. Мырзағұлова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінің «Алаш» командасы иеленді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив