Сенаторлар ІІМ-де болды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ішкі істер министрлігінде болды. Олар полицияның жедел-криминалистикалық бағытында қолданылатын жаңа шешімдермен танысты. Цифрлық және молекулалық-геномдық зертханалардың мүмкіндіктерін көрді.
Тәртіп сақшылары мен халық қалаулылары бас қосқан жиында маңызды мәселелер қаралды. Ішкі істер министрі елдегі криминогендік ахуалға тоқталды. Қоғамда “заң мен тәртіп” қағидаты сақталып, қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Ведомство басшысы әр салада полиция тарапынан атқарылған іс туралы баяндады.
– Біздің министрлік еліміздің ең ірі, көп функционалдық құқық қорғау органы болып табылады. Тәртіпті қорғау, профилактика, қылмысқа қарсы күрес, жазаларды орындау міндеттері жүктелген. Еліміздегі барлық қылмыстың 96%-ын біз тергейміз. Қоғамда құқық бұзушылыққа деген мүлдем төзбеушілік қағидатын жүргізіп жатырмыз. Нәтижелері бар. Бүгінгі күнде осы төрт ай көлемінде қылмыстың саны азайды, – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Сонымен қатар көші-қон, жол қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Жиын барысында депутаттар министрге сұрақ қойып, пікір алмасты.
ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі бойынша және құқық қорғау органдары комитеті төрағасы Нұрлан Бекназаров қозғалған тақырыптар бойынша өз ұсыныстарымен бөлісіп, көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтті.