Кадр тапшылығы, импортқа тәуелділік және жеткіліксіз қаржыландыру: Сенат Төрағасы өнеркәсіп секторындағы проблемалар туралы айтты
Бүгін Сенатта Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасында экономиканың өңдеуші секторын дамыту» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Іс-шара барысында саланы дамытуға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар көтерілген мәселе жөнінде ұсыныстарын айтып, мүдделі тараптардың алдағы бірлескен жұмысының басымдықтарын пысықтады.
Тыңдау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету міндетін жүктегені айтылды. Бұл ретте өңдеу секторын жедел дамытудың маңызы зор.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда еліміздің алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтып, оны 450 миллиард долларға жеткізу жөнінде маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Соған қарамастан өңдеуші секторда қордаланған проблемалар аз емес. Оның ішінде өндірістік қорлардың әбден тозуы, өндіріс қуатының жеткіліксіз жүктелуі, білікті кадрлардың тапшылығы, шикізат импортына тәуелділік сияқты мәселелер бар.
Сонымен қатар тыңдау барысында қатысушылар қаржыландыруға қол жеткізу мәселесін талқылады. Сенаторлар кеше Палата отырысында кәсіпкерлік салаға кредит беру тетіктерін қарау кезінде осы түйткілді ішінара көтерген болатын. Қазіргі таңда несиелеу мөлшерлемесі 22 пайызға дейін жетеді. Ал, бұл өңдеуші сектордағы кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретіні анық.
Іс-шара кезінде отандық шикізаттың жекелеген түрлерінің жоғары құнына байланысты проблемалар да сөз болды. Бұл қайта өңделген өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар жеткізілетін тауарлар көлемін ұлғайту және қайта өңделетін өнім номенклатурасын кеңейту бойынша жұмысты күшейту қажет екенін айтты.
Сенат Төрағасы өнеркәсіп секторын дамыту ісіндегі сын-қатерлерді назарға алып, алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың негізгі міндеттеріне тоқталды. Палата Спикерінің айтуынша, орта бизнестегі өндірушілерді қолдау және оларды дамыту басым бағыттардың бірі. Сондықтан аталған санаттың ерекшелігін ескере отырып, осындай кәсіпорындарды ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеу ұсынылды.
Парламенттік тыңдау кезінде еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Өңдеуші өнеркәсіп одағының Төрағасы Марат Баққұлов, Қазақстан машина жасау одағының Төрағасы Мейрам Пішембаев, Қазақстан химиктер одағының вице-президенті Тахмина Нағұманова, Дүниежүзілік банктің сарапшысы Әсет Бижан және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, көтерілген мәселеге қатысты ұсыныстарын жеткізді.