Қазақстандық мектептерде емтихандар басталды
Бүгін еліміздің мектептерінде аралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихадар өтеді. Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.
29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9 сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді, ал 11 сыныпты бітірушілер 28 мамыр - 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.
«Ақтөбе облысынан 9 мектеп, Атырау облысынан 20 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектеп оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9 сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11 сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.