Cемей-18°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Қазақстанның бітімгерлік миссиясы – жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге жауап

29-05-2024, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

29 мамыр – БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күні. 2002 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының қарарымен бекітілген бұл күні бітімгерлердің бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі бағаланады.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатыса отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосып келеді.

2018 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып бітімгерлік бөлімшелерін БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына жіберді. Оған 500-ден астам қазақстандық қатысты.

Біздің әскери қызметшілердің Непалда, Кот-Д'Ивуарда және Малиде БҰҰ миссияларына қатысу тәжірибесі бар. Қазір қазақстандық бітімгерлер Ливанда, Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында және Конго Демократиялық Республикасындағы миссияларда қызмет етуде.

Қазақстан үшін тарихи қадам БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясында бітімгерлік контингентті өз бетінше өрістету болып отыр. Бүгінде ондағы миссия құрамында 139 қазақстандық қызмет өткеріп, қарама-қарсы тараптар арасындағы атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауда. Қазақстан әскери қызметшілерінің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу географиясының кеңеюі еліміздің әскери және гуманитарлық дағдарыстардан зардап шегетін адамдарға қолдау көрсетуге деген оң ниетін айғақтайды.

Әскери қызметшілерді дайындау БҰҰ-ның сертификатталған курстары өткізілетін ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының базасында жүзеге асырылады. Қосымша білім беру мекемесінің мамандары тыңдаушыларды оқытудың тәсілдері мен әдістерін жетілдіру бойынша үнемі жұмыс істеп келеді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 (2000) «Әйелдер. Әлем. Қауіпсіздік» қарарын іске асыру мақсатында Қазақстан гендерлік теңдік, әйелдерді қорғау және тең құқықтылық саясатын ұстанатын ел. Бұған қазақстандық әскери қызметші әйелдердің БҰҰ бітімгерлік операцияларына әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде қатысуы дәлел. Қазіргі уақытта 8 қазақстандық әйел әскери қызметші БҰҰ-ның шетелдегі миссиялары құрамында қызмет өткеріп жатыр.

Контингентті БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына (операцияларына) жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосылған елеулі үлес қана емес, сонымен қатар Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға оң ықпал етпек. Бұдан бөлек бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік тәжірибе жинақтауына, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын жетілдіруге және оларды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге ықпал етеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив