Техникалық реттеу саласындағы өзара іс-қимыл
ҚР ТЖМ делегациясы Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Фатқұловтың басшылығымен Мәскеу қаласында өткен техникалық реттеу жөніндегі отырысқа қатысты.
Отырыс барысында қазақстандық және Беларусь тараптарының «Өрт қауіпсіздігін және өрт сөндіруді қамтамасыз ету құралдарына қойылатын талаптар туралы» Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне өзгерістер жобасына қатысты ұсыныстары мен ескертулері қаралды.
Өткізілген іс-шара ЕАЭО аумағында техникалық регламент талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қадағалау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, ТЖМ делегациясы Мәскеу қаласындағы «Кешенді қауіпсіздік-2024» XV халықаралық қауіпсіздік құралдарының салонына барды.
Іскерлік бағдарлама шеңберінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері, оның ішінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі автоматтандырылған жүйелерді дамыту, өрт кезінде адамдарды құтқару технологиясын одан әрі жетілдіру талқыланды.
Сонымен бірге «Азаматтық қорғаныс және халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы техникалық реттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты.