Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Абай облысының мәдениет саласы ақын атын асқақ ұстайды

31-05-2024, 09:00 Сәтжан Қасымжанұлы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламызға облыс орталығы мәртебесі берілгенде оның қандай тарихи маңызы барына ерекше тоқталған еді. «Семей қаласы – Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше, төл шежіремізде айрықша орны бар өлке. Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені.

Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір», деп бағалаған болатын Президент.

Осы орайда облысымыздың рухани-мәдени саласында атқарылып жатқан істерді бір саралап, кеңінен таныстырып қоюдың еш уақытта артығы болмасы анық. Осы тұрғыда Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұлттық мәдениетті қолдау бағытында, ыңғайлы тілдік ортаны дамыту барысында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқандығын атап өткен жөн.

Қазіргі күні облыс орталығында 17 мәдениет, өнер мекемесі бар. Атап айтқанда, республикалық Абай музейі, биыл 90 жылдығы аталып өтетін Абай атындағы театр, Абай облыстық кітапханасы, облыстық халық шығармашылық орталығы, тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы, лингвистикалық орталық және бірнеше мемлекеттік архив мекемелері қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек аудандық, ауылдық жерлердегі мәдени нысандардың ісі қалыпты жүйеленген.

Жалпы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты мекемелерде 914 адам жұмыс істейді. Оның 801-і облыс орталығындағы аталған мәдени нысандардың мамандары болса, 113 қызметкер ауылдық елдімекендердің мәдениетін өркендеуге үлес қосып келеді.

​Жыл басынан бері өңірімізден шыққан, қазақ руханиятында өзіндік із қалдырған ақын-жазушылар мен танымал тұлғалардың шығармашылығын насихаттау мақсатында көпшілік ойынан шығатын көптеген істер жалғасып жатқанын атап өткен абзал.

Мәселен, ақпан айында Абай театрында «Абай жолы» кітапханасы жобасы бойынша жарық көрген кітаптар топтамасының тұсаукесері өткізілді. Әдеби-рухани жүздесуге осы сериямен кітаптары жарық көрген Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып, Толымбек Әбдірайым, Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаева сынды белгілі қаламгерлерлер  және Несіпбек Айтұлының ұлы Нұрат Несіпбекұлы арнайы келіп, оқырмандарымен жүздесті. Жиналған қауым назарына Хакім Абайдың «Шығармалары», Шәкәрім қажы шығармаларының репринттік басылымы, жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай Құнанбаев» монографиясы, ақын Н. Айтұлының «Есіл де есіл, есіл күн…», Б. Жақыптың «Қарауылтөбе» және Т. Ысмайыловтың «Өмір гүлі», жазушы Ырысхан Мұсаұлының «Аға сұлтан», Т.Жұртбайдың «Дәрілқарап», Т. Әбдірайымұлының «Ақ кептер», А. Кемелбаеваның «Мұнара», Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Д. Рамазанның «Көш» сынды кітаптары таныстырылды. Осы шара аясында жарық көрген Ақтамберді жырау, Дулат ақын мен Абайдың ақын шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Турағұл, Кәкітайдың шығармалары енген «Жыр жауһарлары» жыр жинағы, «Білгенге маржан» атты абайтануға байланысты мақалалар жинағы, Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін материалдар енген «Абай кітапханасы сирек басылымдарда» жинағы, тағы да басқа әдеби шығармалар мен ғылыми-зерттеулердің мазмұнына шолу жасалды. 

Аталған 16 атаулы кітаппен қазіргі күнде облысымыздағы 137 кітапхананың қоры толықтырылған.  Виртуалды пайдаланушылар үшін жарық көрген кітаптардың цифрлы нұсқалары ҚР Ұлттық электронды кітапханасының қорына және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының электронды каталогының қорына орналастырылғаны да руханияттағы оң қадам болып саналады.

Мәдени нысандарды заман талабына сай жаңғырту мақсатында «Кемелді қадам» қоғамдық қорының «Абай облысының кітапханаларын жаңғырту» жобасы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust»  қаржылық қолдауы мен Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында қоғамдық кеңістік ашылғаны елеулі оқиға болып есте қалды. Жаңартылған кеңістік «Оқу залы-Коворкинг орталығынан», «Балалардың ойын-үйірме орталығынан», «Инновациялық робототехника зертханасынан» тұрады. Жобаны жүзеге асыруға жалпы сомасы 54,1 млн. теңге жұмсалған.

​Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жәнібек Кәрменовтің туғанына 75 жылдығына орай кеш өткізіліп, отбасымен кездесу ұйымдастырылды. Абай театрында композитор, профессор, әнші және сатирик Айтмұхамбет Бейсенбековтың 75 жас мерейтойы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, журналист-жазушы Дәулет Сейсенұлының 75 жас мерейтойы кеңінен атап өтіліп, шығармалары сахналанды

Маусым айында қазақтың қоғам қайраткері, аға сұлтан болған, қажы Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы аясындағы бірнеше рухани-мәдени танымдық шаралармен қатар «Асыл мұра» қолөнершілердің республикалық байқау-фестивалін, ал, шілде айында Ырғызбай Досханұлы атындағы республикалық өнер және спорт фестивалін өткізу жоспарланып, қазір осы бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив