Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Абай облысының гимініне айналған ән

4-01-2024, 10:54 018.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылы 8 маусымда Абай облысы  құрылды. Президент жергілікті жұртшылықпен кездесуінде Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихында  айрықша орны бар өлке екенін атап өтіп: 

«Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы» - деп ерекше тоқталды.

Елдің қуанышын сезініп, халықтың қалауы орындалған шақта қолына қалам алып шабыттың шырқауымен ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Абай ауданының «Құрметті азаматы», Қарауыл гимназиясы жанындағы Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі – Төлеген Жанғалиев тебіреніп жаңа облысқа жыр арнады. 

Сол өлеңге белгілі композитор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақ өнерінің қайраткері, Абай ауданының «Құрметті азаматы», Астана қаласындағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының вокал бөлімінің жетекшісі – Кентау Назарбек ән жазды. Сөзі мен сазы үйлескен жаңа ән аз уақытта ел ішіне кең тарап, Абай облысы Абай ауданының «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншілерінің орындауында елдің ықыласына бөленді. 

БҰЛ – АБАЙ ОБЛЫСЫ!

Сөзі: Төлеген Жанғалиев

Сазы: Кентау Назарбек

Сапырған өнер құтын,

Семейім, сері Ертісім.

Көркейген көңілімді,

Көзімнен көрермісің?!

Дарытқан даналығын,

Хан Шыңғыс, Қарауылым.

Ғасырдан ғасыр жасап,

Өлмейтін сен абызым.

Ақсуат - асыл елім

Ағытқан ақыл кенін.

Ырғызбай баба қолдап,

Ырғалып жатыр жерің.

Аягөз - шуақ мекен,

Артық па, жұмақ десем?!

Өзіңе келген сайын,

Өлмейтін жыр ап кетем.

Қайырмасы:

Бір үйдің баласындай,

Бір өзен сағасындай

Біреуі іні болса,

Біреуі ағасындай.

Бұл Абай облысы,

Алашқа дара шыңдай.

Арайлап атқан таңы,

Абайым дәл осындай.

Жан-жаққа шашқан арай,

Жаннатым - Бесқарағай.

Жаныңнан өте алмайды,

Бір адам жалт қарамай.

Қалбатау - қалың елім,

«Жарма» мен «Шарым» едің.

Зере әже әлдиіндей,

Зердемді жанып едің.

Қайнарым, Абыралым,

Шалқыған шаңырағым

Әміре әндеріндей,

Өзіңді сағынамын.

Көкпектім - көшелі елім,

Көшімді жетеледің.

Жуасы жусап өскен,

Жусан мен бетегелім.

Атомның аймағы едің,

Атуды қойған едің.

Дертімдей «Дегелеңім»

Келеді жайнап елің.

Аямай адал асын,

Ойламай қара  басын

Аштықтан сақтап қалған,

Ардақтым, «Белағашым»

Алакөл - туған айым,

Арудай - Үржар-айым,

Суыңа дертке дауа, 

Шомылып  нұрланайын?!

Мақаншым, Шұбартауым,

Биіктер  шығар тауың.

Көрінер көзімізге,

Көк тіреп тұрар шағың.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив