Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Сенат Төрағасы БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілімен кездесті

31-05-2024, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті. Онда тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастық мәселелерін және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге арналған бірлескен жобаларды талқылады.

Палата Спикері Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыт екенін айтты. Өткен 30 жылдың ішінде нәтижелі екіжақты байланыс орнап, берік серіктестік қалыптасты. Сол арқылы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.

Кездесуде тараптар бірлескен жұмыс арқылы ОДМ қағидасын және 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті орнықты даму бағытына баса мән беретінін атап өтті. Соған сәйкес аталған салада оң өзгерістерді көздейтін жүйелі шаралар қабылданып, кешенді жобалар әзірленіп жатыр.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Саммитінде сөйлеген сөзінде Орнықты даму мақсаттарын іске асыру біздің мемлекет үшін ұлттық басымдық екенін атап өтті. Осыған байланысты көздеген нәтижелерге қол жеткізу үшін елімізде мақсатты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмысқа Парламент депутаттары да белсенді қатысуда. Соның аясында былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды», – деді Палата Төрағасы.

Сұхбат барысында аталған Парламенттік комиссия қызметінің нәтижелері де сөз болды. Сондай-ақ әзірленіп жатқан жобалар, оның ішінде Сенаттың Қоғамдық Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысының әкімдігі бірлесіп қолға алған акселератордың маңызы талқыланды.

Өз кезегінде Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ Орнықты даму мақсаттарын іске асыруда және оның өсу қарқынын қолдау бағытында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты. Сондай-ақ ол институттармен және мүдделі тараптармен байланыс орнатуға ашық екенін жеткізді.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив