Еңбекмині Арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау қағидаларын әзірледі
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі. Бұйрықты қабылдау көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Құжат «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.
Бүгінде арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетілетін қызметтердің шарттарын, көлемін және сапасын айқындайтын арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес көрсетіледі. АӘҚ көрсету жүйесін лицензиялау: ғимаратқа, жиһазбен және құралдармен, жұмсақ жабдықтармен жарақтандыруға, санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуына, ұйымның кадр құрамына қойылатын талаптарды белгілейтін болады.
Лицензия талаптарын сақтамайтын ұйымдар арнаулы қызмет көрсету жүйесінде қызметті жүзеге асыру құқығынан айырылады.
Осылайша, лицензиялау жоғарыда аталған қызметтерді көрсету нарығына тек жоғары білікті кадрлық құрамы, жайлы ғимараттары (жағдайы) және жақсы материалдық-техникалық жарақтары бар ұйымдардың ғана қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және олардың алушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және жеке ұйымдар лицензиялауға жатады.
Бұдан басқа, экономиканың жеке секторын АӘҚ көрсету жүйесіне тарту тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға және олардың алушылары тұратын жерлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде қызметтер көрсетуге ықпал ететін болады.
Бұйрық жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Құжатпен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15073297.