Утилизациялық алым ірі кәсіпорындарды Қазақстанда өндірісті локализациялауға ынталандырады
Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында бірінші вице-премьер Роман Скляр елімізде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерді ірі тораптық және шағын тораптық құрастыру саласы дамып, көлемі артып келе жатқанын атап өтті.
Утильалымы және басқа да төлемдер Қазақстанның тарифтік саясатын қалыптастырады, бұл жаңа инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
«Ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алым енгізілгеннен кейін 1,5 жылдан соң елімізге белгілі неміс бренді келіп, СҚО-да зауыт салды. Бұл кәсіпорын бізге өндірісті жүзеге асыруға ешқашан келмес еді, бірақ біз локализацияға қол жеткізу үшін кейбір түзетулер жасап, заңнамаға өзгерістер енгіздік. Қостанайдағы Kia автомобиль өндіретін зауыты осының мысалы деп айтуға болады, кореялық серіктестер өз елінен тыс жерде кәсіпорын салуға және жабдықтар сатып алуға алғаш рет өз қаражатын салды», — деп атап өтті Роман Скляр.
Айта кету керек, халықаралық тәжірибеде өндіруші елдер өз өнеркәсібін ынталандырудың тарифтік және тарифтік емес шараларын белсенді қолданады.