Абай облысы цифрландыру және IT-инновациялар орталығына айналды: халықаралық чемпионаттардағы жеңістер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында цифрландыру және инновацияны енгізу мәселесіне басты назар аударып, «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру» деп атап көрсетті. Қазіргі жаһандану, барлық салаларды цифрландыру заманында педагогтер, білім алушылар, IT компаниялар аймақта біртұтас инновациялық экожүйені құруға өз үлестерін қосуда.
Абай облысының оқушылары мен студенттері де жаңа инновациялық бағытты дамытуды қолдайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Облыстық инновациялық-әдістемелік орталықтың инновациялық жобаларды енгізу бөлімінің басшысы Гаухар Нұрғалиева мәлімдеді.
Айта кету керек, Абай облысының оқушылары халықаралық чемпионаттарда: Индонезияда, Сингапурда, Орталық Азияда, ҚХР мен Түркияда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Қатысқан жарыстарында балалар «Үздік робот» пәндері бойынша гран-при жеңіп алса, сондай-ақ Қырғызстанда «қиындықтарға қарамастан» номинациясына қол жеткізген.