Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

KAZ Minerals Aktogay алдағы оқу жылында студенттерге арнап 23 грант бөлуді жоспарлауда

7-06-2024, 10:00 Думан Кенжеғазыұлы

KAZ Minerals Aktogay 2024-2025 оқу жылында ЖОО және АОО студенттеріне жалпы сомасы 126 млн 535 мың теңгелік 23 грант бөлуді жоспарлауда. Аталған бағдарлама 2018 жылдан жұмыс істеп келеді. Және бүгінге дейін 117 студент грантқа ие болған. 

Бұл жайлы республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған пресс-тур барысында мыс өндірумен айналысатын компания мамандары айтып берді. Грант арқылы жастар мамандық иесі атанады, оқуын сәтті аяқтап еңбек тәжірибесінен өткеннен кейін жұмысқа қабылданады. 

Гранттарды бөлу кезінде басымдық Абай облысының абитуриенттеріне беріледі. Мысалы, бұған дейінгі 117 гранттың 64-ін облыстағы Ақтоғай, Қопа, және Таңсық ауылдарының тұрғындары иеленген. Грантқа үміткерлерге қойылар талап: Қазақстан азаматы болу, Абай облысында тіркеуде болу және тұру, соттылықтың және басқа гранттардың болмауы. Сондай-ақ, егер үміткер 11 сынып оқушысы болса ҰБТ-дан шекті бал жинауға тиіс. Ал 9 сыныпты аяқтаған үміткердің аттестатында қанағаттанарлық баға болу шарт. Оқыту арнайы оқыту орнында күндізгі бөлімде өтеді. Оқытылатын мамандықтар: «Пайдалы қазбаларды байыту», «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және барлау», «Тау-кен жұмыстары», «Табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалану», «Автомобиль транспорттарын қолдану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Механикалық өңдеу», «Машиналық құрылғыларды қолдану, жөндеу және қызмет көрсету», «Технологиялық процесстерді басқаруды автоматтандыру», «Бақылаушы-өлшеуіш құрылғы», «Автоматика» және «Электроэнергетика».

Оқуын бітіргеннен кейін бірден тұрақты жұмысқа орналасқан жас мамандардың бірі Юлия Шевченко. Шілде айында техник-технолог мамандығына үйренуші болып қабылданған қыздың мұнда жұмыс істегеніне бір жыл толады. 

- 9 сыныптан кейін мен Өскемендегі жоғары IT –колледжге түсіп, содан кейін KAZ Minerals компаниясының грантына ие болдым. Түрлі таныстырулар болды. Бізге кабинет жасақтап, қажетті құралдар берілді. Барлығы колледжің базасында. Сондай-ақ компания бізге барлық қажетті базаны берді. Мен мұнда өндірістік және дипломның алдындағы тәжірибеден өтуге келгенмін. Тәжірибе жинақтау әртүрлі бөлімдерде өтті. Диплом алғаннан кейін компания өкілдері маған хабарласып, мені бірден жұмысқа алды. Осылайша техник-технолог қызметін атқаруға кірістім. Металлургиялық зертханада біз тәжірибе жүргіземіз, өндіруге болатын өнімнің барлығын зерттейміз. Жұмыс барысында мәселе туындаған болса оның себебін анықтап, шешімін бірге іздейміз. Әралуан тәжірибелер мен сараптамалар жасап, жұмыстың тиімді жүргізілу жолдарын қарастырамыз. Бұл бағдарлама студенттердің жұмыс табуына жақсы мүмкіндік береді. Әдетте, жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ жастарды қабылдамайды, бірақ мені бірден жұмысқа орналастырды. Бұл – білім мен тәжірибені жетілдірудың тамаша мүмкіндігі, - дейді Юлия Шевченко.

Жалпы, білім гранттарын бөлуге арналған әлеуметтік бағдарламаның түпкі мақсаты – жас та талантты мамандарды дайындау арқылы қызметкерлердің жоғары біліктілік деңгейін қалыптастыру және оны лайықты деңгейде ұстап отыру. Грантқа ие болған жастар бұл бағдарлама өздеріне берілген керемет мүмкіндік екенін айтады. Бүгінде тәжірибесі жоқ түлектерді жұмысқа қабылдамайтын уақытта грант – жастар үшін өздерін өндірісте сынап қана қоймай, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірегей бағдарлама болып отыр. 

- Бұлар біздің компанияның шеңберіндегі мамандықтар. Грант оқуға, тұрақжай мен стипендияға арналып бөлінеді. Одан бөлек, біздің грантпен оқыған түлектеріміз өндіріс орындарында сынақтан өтіп, теориялық білімдерін еңбек барысында қолдана алады. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін біздің грант иелері біздің компаниядағы тәжірибеден өту конкурсына қатысуға міндетті. Ағымдағы жылы біз 113 тағылымдамадан өтушіні қабылдауды жоспарлап отырмыз, - дейдіқызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің басшысы Дархан Ербасынов.

Бағдарлама жұмысын бастаған уақыттан KAZ Minerals Aktogay 643 тағылымгерді қабылдап, 470 жас маманды тұрақты жұмысқа орналастырған. 

- Сол кезде тағылымгерлерді біздің компанияға тарту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде 2018 жылы кадрлық жоба аясында «Тағылымдама» бағдарламасы іске қосылып, компанияны білікті мамандармен қамтамасыз ете бастады. Компания жастарды ақысы төленетін тәжірибе жұмыстарына тартады, Қазақстанда теңдесі жоқ технологиямен, жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген орындарда кәсіби шеберліктерін шыңдау үшін керемет мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, бұл бастама үздіксіз, әрі қауіпсіз нәтижелі жұмыс жүргізуге жол ашады. Мамандар басқа жаққа кетіп қалатын жағдай орын алғанда компания босаған орынға оқыған, дайындығы жоғары, білікті стажерлерді шақыра алады, - дейді Дархан Ербасынов.

Мұнда тағылымдамадан өтуге келгендердің көбі компанияда тұрақты жұмыс істеуге қалады. Себебі – олар өз орындарын тапқандарын бірден түсінеді. Солардың бірі аз ғана уақытта стажер деңгейінен құрылғының сенімді жұмысын қамтамасыз ететін аға инженер дәрежесіне көтерілген Назерке Сағындық. 

- Мен Назарбаев университетінде  «Механикалық және аэроғарыштық инженерия» мамандығына оқыдым. Содан кейін ғылым саласында, құрылыс саласында жұмыс істегеніммен, өз орнымды осы жерден таптым. Себебі мұндағы сенімді жұмыс бөлімінде тәжірибелі ұстаздарым маған көп нәрсені үйретті. Маған мұнда үнемі ақпарат іздеудің қажеттілігі ұнайды. Бұл өз ісіңе деген қызығушылықты бәсеңдетпейтін қызықты жұмыс. Бізге техниканың қалай жұмыс істейтінін, және оны қалай жетілдіруге болатынын білу керек. Қызығушылықтың арқасында, жетекшілерім мен әріптестерімнің көмегімен мен аз ғана уақыт ішінде сенімділікті қамтамасыз ету бөлімінің аға инженері дәрежесіне жеттім. Біздің жұмыс шартты түрде үш кезеңге бөлінеді. Біріншісі – сынғанға дейінгі кезең, құрылғының жай-күйін тексеру. Әрбір құрал жалпы жағдай туралы нақты мәлімет беріп отыратын қондырғымен жабдықталған. Біз алған мәліметті сараптаумен айналысып, құырылғыда сәл ақау анықталса техника толық істен шыққанға дейін жұмысты тоқтатамыз.  Мұндай жағдайда біз толыққанды жұмысқа кірісеміз. Электронды қондырғы мәліметін сараптап, майды тексереміз. Ақау анықталған жағдайда техниканы тоқтатуға тура келеді. Бұл құрылғының толық істен шығуы, қаржы мен уақыт шығының алдын алуға мүмкіндік береді. Екіншісі – құрылғының тоқтап қалуын сараптау. Оның себебін анықтап, мұндай ақаулардың алдағы уақытта қайталанбауы үшін жетілдіру және бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Үшіншісі – біздің әлемдік деңгейдегі көрсеткішке жетуімізге сеп болатын өндіріс кезіндегі үздіксіз инспекция. Сенімділік бөлімі жұмыстың тиімділігін арттыру үшін әлемдік озық технологияларды қолданады. Солардың қатарында күрделі жөндеу жұмыстарының ғана емес, жоспарлы техникалық қызмет көрсету мерзімінің уақытын ұзартуға септігі тиетін тазалауға қажетті ультражұқа сүзгіш құралдар, майлардың жаңа химиялық құрамы бар. Бұл технологиялар компания қаржысын үнемдеуге көмектеседі. Біздің мақсатымыз – құрылғылардың үздіксіз, сенімді жұмыс істеп, әлемдік стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету, - дейді Назерке.

Сонымен қатар, аймақта өңір тұрғындарын жаңа мамандыққа дайындау бағдарламасы белсенді жұмыс істейді. Бастама компанияның жергілікті азаматтарды жұмысқа орналастыру ниетінен туындаған болатын. Бастапқыда қиындықтар болды, себебі – үміткерлердің басым бөлігінде компанияда жұмыс істеуге қажетті біліктілік болмаған еді.

- Ауылдың тарихын ескерсек, мұндағы тұрғындар тау-кен өндірісімен айналысатын компания талаптарына келмейтін теміржол тасымалдау жұмыстарына болды. Сол себепті былтыр біз жұмысқа тұруға үміткерлер ескеруге тиіс өзіндік талаптары бар аталған бағдарламаны іске қостық. Одан өткен азаматтар біздің компанияға жұмысқа тұра алады. Ол үшін алдымен Семейдегі электротехникалық колледжде үш ай оқу керек. Бұл уақыт аралығында компания үміткердің барлық қажеттілігін, атап айтқанда, оқуы мен колледж жатақханасында тұру ақысын және стипендиясын қамтамасыз етеді. Үміткерлерге қойылар басты талаптар – техникалық білімі болу (орта немесе жоғары) және денсаулық жағдайына байланысты шектеулердің болмауы, - дейді «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Алмас Данибек.

Курс аяқталғаннан кейін үміткерлер компанияға тағылымгер ретінде жұмысқа тұрады және әрқайсына оларды үйретіп, колледжде алған білімдерін іс жүзінде жетілдіруге көмектесетін білікті жетекші-маман бекітіледі. Компания үстіміздегі жылы қосымша тоғыз үміткерді іріктеп алды. Олар қазір оқуда. Курс аяқталғаннан кейін компанияға тәжірибеден өтуге келеді. 

Рашит Қалинұров компанияға өңір тұрғындарын жаңа мамандыққа дайындау бағдарламасы бойынша келген. Ол алдымен Семейдегі электротехникалық колледжде үш ай оқыды. Ал қазір үш ай бойы өндіріс орнында сынақтан өтуде.

-  Бұған дейін құрылыс саласында, мердігерлік ұйымдарда түрлі қызметтер атқарып келдім. Содан кейін тұрақты мамандық алу керек деп шештім. Менің негізгі жұмысым бақылау-өлшеуіш құралдарын құрастыру және бөлшектеу, жұмысқа дайындау, ыңғайлау т.б. Маған бұл жұмыстың ұқыптылықты талап ететіні, зауыттағы барлық бақылау-өлшеуіш құрылғылардың үздіксіз, ақаусыз жұмыс істеуіне бағытталғаны ұнайды, - дейді Рашит Қалинұров.

Аталған бағдарламаны іске қосу бастамасы 2023 жылы көтерілді. 

Оқудың алғашқы күнінен жаңа келген жұмысшылар техникалық қауіпсіздіктің бастапқы әдістемелері мен заңда көрсетілген барлық міндетті тренингтерінен өтеді. 

-  Одан бөлек, біздің компанияның саясаты мен регламенттеріне сай техникалық  қауіпсіздік тренингтері бар. Және бұл оқытудың шегі емес, себебі бізде сонымен қатар кәсіби тренингтер де өткізіледі. Яғни, жалпыға арналған техникалық қауіпсіздік жаттығуларынан кейін стажер немесе жұмысшы өз мамандығына сай тренингтерден өтеді. Мұндай үйрету дәрістерінің 7-15 күнге созылуы мүмкін. Әр стажерға оның кәсіби біліктілігін жетілдіруге көмектесетін тәжірибелі үйретуші бекітіледі. Сол арқылы да бізде ұжымдық мәдениет қалыптасады, себебі – компанияға келген әрбір жаңа адам кәсіби көмек алып қана қоймай, компания ұжымына тез сіңісіп кетеді. Бұлардан бөлек өндірістік қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігін қорғау, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі және «Ұсақтаушы операторы» немесе «Қотарғыш жүк көлігнің операторы» секілді басқа да кәсіби тренингтер бар, - дейді Дархан Ербасынов.

Жаңа қызметкерлерге еңбекке дағдылану үшін техниканың бірнеше түрін қамтитын арнайы симуляторлар, биіктікте және тар аумақта жұмыс істейтін тәжірибе орындары бөлінеді. Дәнекерлеу жұмыстарына үйренетін симуляторлар да қарастырылған. Сонымен қатар, виртуалды оқыту әдістемесі енгізілуде. 

- Бізде ауыр техниканы жөндеу және өрт қауіпсіздігі бойынша бірнеше оқу стендтері бар. Дәріс кезінде үйренгенді іс жүзінде байқап көруге арналған құралдар жеткілікті, - деп сөзін қорытындылады қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің жетекшісі.

Компания мен оқу орындары және жергілікті азаматтар арасындағы мұндай тығыз «коннект» аймақтағы барлық тұрғындардың білімін жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыруға оң әсерін тигізерін тәжірибе көрсетті. Сол себепті де алдағы уақытта мұндай тәжірибе жалғаса бермек.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив