Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар 97 мыңнан астам қызмет алды
Осы жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы шамамен 67,3 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 6,1 мың – ымдау тілі қызметін, 23,7 мың – жеке көмекшінің қызметін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінгі күні Порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 847 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 353 ОТҚ жеткізуші, 26 мыңнан астам жеке көмекші, 677 ымдау тілін қызметін және 99 санаторлық-курорттық емдеуді жеткізушілер тіркелген.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.