Биыл аймақта 50 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр
Абай облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл және этносаралық қатынастарды нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Облыста 600-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 7 саяси партияның 16 филиалы, 396 қоғамдық қор мен бірлестік, 11 қоғамдық кеңес, 183 діни бірлестік және 14 кәсіподақ бар. Қолдау шарасы ретінде осы ұйымдардың өкілдерін әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосу мүмкіндігі қарастырылуда.
Биыл облыста 50 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Олардың ішінде үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жөніндегі азаматтық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастыруға, жастардың бастамалары мен отбасылық-гендерлік саясатты іске асыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен еңбекқор адамның имиджін қалыптастыруға бағытталған жобалар бар.
Семей қаласындағы Павлов көшесі, 101а мекенжайында орналасқан Азаматтық бастамалар орталығы ҮЕҰ-ға олардың қызметін ұйымдастыруға және іске асыруға әдістемелік көмек көрсетеді.
Облыста түрлі этнос өкілдерінің мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттау үшін 5 Достық үйі (Семей, Курчатов қалаларында, Бесқарағай, Бородулиха және Жарма аудандарында) және 49 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Абай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан ҚХА қоғамдық институттары Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, этномедиация орталығы, журналистер клубы, кәсіпкерлер қауымдастығы және ғылыми-сараптамалық топ жұмыс істейді.
Облыс орталығында 498 қатысушысы бар 28 үйірме, студия және шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Сондай-ақ, жастар арасында этносаралық түсіністік пен мәдени байланысқа ықпал ететін, тілдерді оқытатын жексенбілік мектептер жұмыс істейді.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ұлтаралық татулық еліміздегі басты құндылық екенін атап өтті. Осыған байланысты облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп этносаралық мәселені бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар Ассамблея, үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты күшейту қажеттігін айтты.