«Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы: әскери инфрақұрылым нысандары тексерілді
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Ақтау өңірлік гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінде болды.
Инспекцияның басты мақсаты – әскери инфрақұрылым мен тиісті бөлімшелердің «Бірлестік-2024» халықаралық жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуге, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерін қабылдауға дайындығын бағалау. Оқу-жаттығу «Оймаша» полигонында және Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Тоқмақ мүйісінде өтеді. Онда қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылым мен шатырлы лагерь дайын.
Қорғаныс министрінің орынбасары «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің командалық пунктіне, оқу-сүңгуір орталығына, Әскери-теңіз базасының кемелерді арқандап байлауға арналған пирстеріне, «Жаңаөзен – Бейнеу» автокөлік жолының әуеайлақ учаскесіне барды.
Ол сондай-ақ Ұлттық контингенттер штабының, казармалардың, шаруашылық жабдықтау пунктерінің, асханалар мен тұрмыстық қызмет көрсету далалық бөлмелерінің техникалық жай-күйін тексерді.
Генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Тоқмақ мүйісіндегі «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуының негізгі эпизодтарының бірі өтетін нысандардың дайындығын тексерді. Шатырлы қалашықты, байқау мұнарасын, сондай-ақ әскери-дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдерін орналастыруға арналған орындарды жайластыру жөнінде нұсқаулар берді.
Әскери бөлімдердің командирлері министрдің орынбасарына істердің ағымдағы жай-күйі мен проблемалық мәселелер туралы баяндады. Инспекция аяқталғаннан кейін генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров халықаралық оқу-жаттығуға уақтылы және сапалы дайындыққа бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол сондай-ақ нысандарға электр қуатын беру, өрт қауіпсіздігі, медициналық және көліктік қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.