Сенатта отандық жылқы шаруашылығын дамыту және қолдау туралы заң қаралды
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды талқылады.
Құжат мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымының өсімін молайту, сондай-ақ оның қасиеттерін сақтай отырып, мал басын ұлғайтуға және осы бағытта асылдандыру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Заңда асыл тұқымды жылқыларды өсіруді ынталандыру мақсатында Қазақстан аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында жұмсалған шығындарды өтеу көзделген.
Сонымен қатар, заңның бастапқы бөлігіндегі «асыл тұқымды мал» және «тұқым стандарты» ұғымдарына түзетулер енгізіледі. Осылайша, тұқым стандартына сәйкес келетін және Республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануарлар ғана асыл тұқымды жануарға жататын болады. Фенотиптік және өнімді көрсеткішке қойылатын минималды талаптар ғана емес, сонымен қатар басқа көрсеткіштер де қамтылатын «тұқым стандарты» ұғымдары нақтыланады.
Сенаторлардың айтуынша, заңның қабылдануы еліміздегі асыл тұқымды отандық жылқылардың сақталуына және олардың көбеюіне ықпал етеді.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.
Суретті түсірген: А. Байжұманов