Жарма ауданындағы ауыл жастарына бағыт-бағдар берілді
Жарма ауданында Абай облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Шығыс Жастары» қоғамдық қоры «Ауыл жастарының әлеуетін арттыру» жобасы бойынша ақпараттық кездесу ұйымдастырды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – ауыл жастарының әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, оларды мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен қолдау шаралары туралы хабардар ету болды.
Кездесу барысында жастарға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, мансап орталығы және Отбасы банк өкілдері мемлекеттік бағдарламалар туралы толық мәлімет берді. Әрбір өкіл өз саласындағы мүмкіндіктер мен артықшылықтарды түсіндіріп, жастарға бағыт-бағдар берді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, бизнес-жобаларды дамыту және гранттар алу мүмкіндіктері туралы айтты. Олар жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырып, осы бағытта қандай қолдаулар мен құралдардың бар екенін нақтылады.
Мансап орталығының өкілдері жастарға жұмысқа орналасу, мансапты жоспарлау және кәсіби дағдыларды дамыту мәселелері бойынша кеңес берді. Олар қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар және бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен бөлісті.
Отбасы банкінің өкілдері тұрғын үй алу, ипотекалық бағдарламалар және басқа да қаржылық қолдаулар туралы баяндады. Олар жастардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қандай бағдарламаларға қатыса алатынын және қажетті талаптар мен шарттарды түсіндірді.
Кездесу соңында жастар өздерінің сұрақтарын қойып, жеке кеңес алуға мүмкіндік алды. Бұл шара ауыл жастарының болашаққа деген сенімін арттырып, олардың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін көтеруге үлкен үлес қосты.
Осындай ақпараттық кездесулер жастардың өз әлеуетін толық ашуға және қоғамда белсенді рөл атқаруға көмектеседі.