Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Парламент депутаттары Палаталардың бірлескен отырысында сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты заңды қарады

14-06-2024, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары бірлескен отырыс өткізді. Онда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды және мақұлданды. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары еліміз Президентінің сот төрелігін іске асыру сапасын қамтамасыз ету және судьялардың біліктілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында заң жобасына бастамашылық жасаған болатын.

Конституциялық заңның мақсаты – тиісті заңнамалық тетіктерді әзірлеу, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сондай-ақ сот қорғауына құқықты іске асырудың құқықтық кепілдіктерін күшейту арқылы сот жүйесін одан әрі жетілдіру болып табылады.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өз баяндамасында құжат Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге және сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны қайта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Атап айтқанда, сот ісін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзудың әрбір фактісі бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексеруде Сот жюриіне жаңа тетік енгізу ұсынылады, бұл судьялар тарапынан заң бұзушылықтарға неғұрлым тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Судьяның кәсіби қызметін бағалау алғашқы қолданған нормаларда көзделгендей 1 жыл емес, 3 жыл жұмыс нәтижесі бойынша жүргізу ұсынылды.

«Бірқатар түзетулер судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, қолданыстағы заң судьяға сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалдармен танысу, сондай-ақ тәртіптік істі қарауға немесе өкіл арқылы жеке қатысу құқығын беретін нормалармен толықтырылады. Ұсынылған нормалар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформаларды тиімді іске асыруға бағытталған», - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Парламентшілер сонымен бірге Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясын құру туралы шешім қабылдады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева басқаратын комиссияның құрамына сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Андрей Лукин, Айнұр Арғынбекова, сондай-ақ мәжілісмендер Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ енді.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив