Қалдаяқов — «Қазақ вальсінің» композиторы , Хасанғалиев – ән жазушысы...
Семей қаласының ішкі жолдарын, күнделікті кісі қозғалысы үшін маңызды саналатын көшелерді абаттандыру бірқалыпты жүріп жатыр.
Әсіресе, қала ішіндегі 6 жерасты жолын безендіру, сәнге келтіруге келгенде қала билігі біраз «қарқынды» жұмыс атқарған жайы бар. Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың жанына жауаптыларды ертіп алып, ертелі-кеш кем-кетікті түгендеп жүргеніне де тұрғындар күнделікті куә болып жүр.
Бірақ, мына Мұхамедханов көшесіндегі («ЦУМ») жерасты жолы «бояушы бояушы дегенге сақалын бояптының» көрінісіне жол беріпті.
Бұл жұмысты атқарған жергілікті «Смарт Билд» ЖШС екенін анықтадық. Ал оны орындауға тапсырысты Семей қалалық әкімдігі берген.
Ең ауыр тигені қазақтың біртуар таланты Шәмші Қалдаяқов шығармаларын суретімен қойғанда, ешқандай сауат жоғы айқын көрінеді. Шәмшінің «Қазақ вальсінің королі» атанғанына күллі қазақ куә. Ал, мынау «Қазақ вальсінің композиторы» атағын кім, неге сүйеніп салып отыр?!
Әйгілі эстрада жұлдызы Батырхан Шүкеновтің фамилиясы «Шукенов» екен. Оны былай қойғанда «Қазақстан және ресейлік эстрада әншісі, сазгер, композитор» екені көрсетіліпті. Сазгер мен композитордың екі түрлі айырмашылығы бар ма еді?..
Ал, Ескендір Хасанғалиев «Кеңес және қазақ композиторы - ән жазушысы» екен. Мұны қалай түсінуге болады?
Мұны қабылдап алған Семей қалалық әкімдігі және оған қарасты тиісті орындар кеткен қателік, орын алған сауатсыздыққа не дей алады?.. Жауабын күтеміз.