Аймақ басшысы Қытайға жұмыс сапарымен барды
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үрімжідегі ІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы мен 8-ші «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысу үшін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына ресми жұмыс сапарымен барды.
Сапардың алғашқы күнінде аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған делегация құрамында ҚХР ШҰАА партия хатшысы Ма Синжуй және өзге де лауазымды тұлғалармен кездесті.
Мәселен, Тарбағатай аймағының әкімі (уәлиі) Айдын Төлеухан, сыртқы істер кеңсесінің басшысы Тұрсын Мұратұлы және сауда мекемесінің хатшысы Суй Хонгянмен жүздесу сәтінде тараптар шекаралас екі аймақтың келешектегі қарым-қатынасы жайлы талқылады.
Өз кезегінде Нұрлан Ұранхаев екі ел арасындағы достық байланыс алдағы уақытта жаңа деңгейге шығатынын атап өтті.
Кездесу екі аймақ кәсіпкерлерінің ашық диалогымен жалғасты. Кәсіпкерлер болашақта бірге жұмыс жасаудың жолдарын қарастырды.