Өзен, көлдердегі қауіпсіздік шаралары талқыланды
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде шомылу маусымы кезеңінде өзен, көлдерде қауіпсіз демалысты ұйымдастыру шаралары қаралды. Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сәйкес, облыс аумағында су жағасында демалуға арналған 12 орын анықталған, оның 4-і 2024 жылы құрылған. Ал сегізі коммуналдық жағажайлар.
Суға шомылу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқыс жағдайлардың алдын алу үшін Департамент 2024 жылдың жазғы кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осы жоспар аясында облыстың барлық қалалары мен аудандарында полиция қызметкерлерінің, еріктілердің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен жүргізілетін күнделікті рейдтер кестесі жасалды. Шомылу маусымы басталғаннан бері 1 092 рейд өткізілді.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 178 тыйым салу белгілері қойылды. Алайда, бүгінде олардың 58-і бұрын белгіленген орындарда жоқ.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тоғыз қайықтың кезекшілігі ұйымдастырылды, олардың жетеуі Төтенше жағдайлар департаментіне, ал екеуі 68303 әскери бөліміне тиесілі. Бұл бекеттер қажетті жүзу құралдары, құтқару шеңберлері, кеудешелер, ысқырықтар және дауыс зорайтқыштар құтқару құралдарымен жабдықталған.
Сонымен қатар, әрқайсысы екі адамнан тұратын 31 жаяу патруль, оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінен 26 патруль және 68303 әскери бөлімінен 5 патруль қойылған. Олардың барлығы құтқару кеудешелерімен және ысқырықтармен жабдықталған.