Шетелдік рұқсат бланкілерін беру кезінде адами фактор болмайды
Автомобиль тасымалы саласындағы рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді
Яғни, еліміздің Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа тәртібін әзірледі. Ол отандық тасымалдаушыларға қандай да бір шектеусіз шетелдік рұқсат бланкілерін беруді көздейді. Бұл шаралар адами фактордың алдын алып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Жаңа ережелерге сәйкес, шетелдік рұқсат бланкілерін алу туралы сұраныс әрбір автокөлік құралына жеке беріледі. Сондай-ақ қағидада көзделген талаптардың бірі – көрсетілетін қызметті алушының міндетті түрде куәлігі мен рұқсат карточкасының болуы. Бұдан басқа, автокөлік құралының кіру және шығу фактілерін тіркеу «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде шетелдік рұқсат бланкілерін көлеңкелі нарықта қайта сатудың алдын алады деп жоспарланып отыр. Тасымалдаушының өтінімі автоматтандырылған жүйе арқылы қабылданады және рұқсат бланкілері Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы берілетін болады.
Енгізіліп жатқан жүйеде тасымалдау тарихы мен көліктің белсенділігі бойынша шектеулер жоқ, сондай-ақ көлеңкелі нарықта қайта сату үшін алғышарттар толығымен алынып тасталғанын атап өту қажет. Бланкілерді бөлудің қолданыстағы жүйесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда алынған бланкілердің 50%-ы тасымалдаушыға олардың өткен жылғы жұмысын ескере отырып бекітіледі, ал қалған 50%-ы резервтік бланкілер санатына ауысады және оларды барлық тасымалдаушы ала алады.
Айта кетерлігі, қолданыстағы жүйеде бланкілер белгілі бір тасымалдаушыға бекітіліп, бұл өз кезегінде еркін бәсекелестікті шектейтін. Сонымен қатар бланкілер бұрын-соңды халықаралық тасымалдарда жұмыс істеген автомобильдерге ғана берілетін, нәтижесінде бланкілердің жасанды тапшылығы пайда болды. Осы ретте адал қызмет атқарып жүрген тасымалдаушылар тасымалдауға арналған жүк болғанның өзінде бланк ала алмайтын.
Шетелдік рұқсат бланкілерін беру мен қайта сатуды болдырмау үшін оларды отандық тасымалдаушыға беру кезінде заңды немесе жеке тұлғаның аты-жөні көрсетіледі. Рұқсат бланкілерін үшінші тұлғаларға беру немесе отандық тасымалдаушының басқа отандық тасымалдаушының рұқсат бланкілерін пайдаланғаны үшін алты ай мерзімге рұқсат бланкілерін алуға шектеу қойылатын болады.