Әділет министрі мемлекеттік органдардың заң жобаларын әзірлеу жұмысын сынға алды
Бұл жолы Әділет министрлігінде заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті жиынында үш мәселе қаралды. Комиссия отырысына Әділет министрі Азамат Есқараев төрағалық етті.
Алғашқы екі мәселе селекциялық жетістіктер мен тұқым шаруашылығын қорғауды реттеу мәселелері жөніндегі заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобаларын қарауға және Парламент депутаттары бастамашылық еткен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске толықтырулар енгізу жөнінде болды.
Заң жобаларының негізгі ережелері туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек баяндады.
Сондай-ақ, қатысушылар квазимемлекеттік секторды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасын қарады. Оның негізгі ережелері туралы заң жобасын әзірлеуші – Ұлттық экономика вице-министрі Ильяс Усеров баяндады.
Айта кету керек, заң жобаларының сапасын арттыру мақсатында Әділет министрлігі комиссия жұмысын трансформациялады. Енді заң жобаларын дайындау барысында әзірлеушілерге жауапкершілік күшейтілді.
Министр әзірлеушілерден бұдан былай заң жобаларының тұжырымдамаларын тереңірек пысықтауды талап етті.
Сондай-ақ Азамат Есқараев шикі заң жобаларына қатысты бірқатар ескертулер жасады.