Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Қазақстан, Түрікменстан және Ауғанстан жаңа теміржол магистралінің құрылысын талқылады

22-07-2024, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Ақтаудағы алғашқы көлік сауда-экспорттық форум аясында Қазақстан, Түрікменстан және Ауғанстан өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті.

Тараптар Түрікменстанның батыс шекарасынан Ауғанстан арқылы Пәкістанға және одан әрі Үндістанға өтетін Тургунди – Герат – Кандагар – Спин – Булдак жаңа теміржол магистралін салу мүмкіндіктерін талқылады.

Бұл жобаны жүзеге асыруға Түрікменстан Министрлер Кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің басшысы Мамметхан Чакыев бірлесіп қатысуды ұсынды. Оның айтуынша, түрікмен тарапы ауғанстандық әріптестерімен Тургундида логистикалық орталық құруға келіскен және жақын арада құрылысқа кірісуге ниетті. 

Астықты, контейнерлерді және басқа да жүктерді ауыстырып тиеу үшін нысандар салу жоспарлануда. Жоба іске қосылғаннан кейін логистикалық орталық Тургунди тарапынан жүк айналымының артуына серпін береді деп күтілуде.

«Біз қазақстандық тарапты құрылысқа қатысуға шақырамыз. Сіздерде жоғары теміржол төсемінің сапалы өндірісі бар екені белгілі. Басқа да көптеген мүмкіндік бар. Тургунди – Герат бұл тек теміржол құрылысы емес, сонымен қатар жүк ағынын одан әрі дамыту, осы бағыт бойынша жүктерді тарту. Қазақстандық тараптың қатысуымен біз осы дәліздің тартымдылығын бірнеше есе арттыра аламыз», — деп атап өтті Мамметхан Чакыев.

Ауған тарапының өкілдері Қазақстан мен Түрікменстан арқылы Пәкістанға жүктердің транзитін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Олар тасымалдау процесінің барлық қатысушысы үшін осы дәлізді дамытудың тиімділігін атап өтіп, Қазақстан мен Түрікменстан аумақтары арқылы қытай тауарларын импорттауға қызығушылық білдірді.

«Біз жаңа теміржол бағытын бірлесіп жүзеге асыру туралы ұсыныстарды құптап, Түрікменстан мен Ауғанстанның Тургунди – Герат жолын салу жоспары бар екенін естігенімізге қуаныштымыз. Жоба тараптарының күш біріктіруі өте маңызды. Біз Түрікменстан идеясын қолдаймыз, бұл іс жүзінде Ауғанстан арқылы Пәкістанға және одан әрі Үндістанға батыс дәліз құрылысының басталуы», — деп атап өтті Серік Жұманғарин. 

Сонымен қатар Қазақстан вице-премьері Иран делегациясымен кездесу өткізіп, онда көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен ниеттерді іске асыру барысы талқыланды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив