Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ҚР Салық кодексін жетілдіру туралы айтты
Алматыға жасаған іссапар аясында ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Алматы қаласының қоғамдық кеңес мүшелерімен, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары әрі алматылық бизнес өкілдерімен кездесіп, еліміздің Салық кодексін жетілдіруге байланысты негізгі өзгерістер туралы жеткізді.
Бұған қоса аталған кездесуде Жалпыға ортақдекларациялаудың маңызды тұстары, жеке тұлғалардың банкрот болу рәсімінің регламенті, сондай-ақ Қаржы министрлігінің қызметіндегі басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Осы ретте Ержан Ерікұлы азаматтардың табыстары мен активтерін декларациялаудың маңыздылығына тоқталып, бұл амал экономиканыңашықтығын қамтамасыз етіп, салық төлеуден жалтарғандармен күресуге септігін тигізетінін атап өтті. «Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы құрықтау адамдардың арасында салық міндеттемесін тең әрі әділ бөлуге жол ашады», деді вице-министр.
Бұдан бөлек алматылықтармен өткен кездесуде Бюджет кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңындағы басты өзгерістер туралы түсіндірілді. Сол секілді Е.Біржанов Үкіметтіңқазір халықтың әл-ауқатын арттырып, бизнесті қолдауға арналған жұмыстары жөнінде кеңірек тоқталды.
Жиынның соңында ведомство басшысының орынбасары келген азаматтармен пікір алысып, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.