Абай облысының медициналық жетістіктері баршылық
Абай облысында денсаулық сақтау саласына қатысты ауыз толтырып айтар жетістіктер аз емес. Соның ішінде ең бірінші кезекте өткен жылы «Дәрігерлер аллеясын» салу туралы ұсыныс айтылған еді. Облыстық әкімдік пен қала басшылығы тарапынан бұл ұсыныс қолдау тауып Семей қалалық №1 емханасының алдында демалыс орнын салу жұмыстары қарқын алды. Семей қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) бөлімінің мәліметінше, бұл жаңа орын қала тұрғындары үшін демалу және спортпен айналысуға қолайлы алаң ретінде ерекшеленеді. Мұнда сәулеттік композициялар, жаттығу құралдары орнатылып, балалар ойын алаңдары жабдықталады.
Денсаулығы сыр берген жандарды диагностика мен емдеудің жаңа әдістері бойынша ілгерілеушіліктер бары қуантады. Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасында өткен жылы 32 жоғары технологиялық медициналық операция жүргізілгені сөзімізге дәлел. Оның ішінде аталған аурухана тарихында алғаш рет жамбас буынын толық ауыстыру операциясы сәтті жүзеге асқан.
Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығында сүйек патологиясының дифференциалды диагностикасы үшін сүйек тінінің метастаздық зақымдануын анықтау үшін 18-F-na F бар КТ позитронды-эмиссиялық томографиясы-жаңа зерттеуді енгізуге мүмкіндік берген жаңа радиофармпрепарат өндірісі енгізілді. Бұл ел бойынша үшінші орталық болып саналады. Жұмсақ тіндердің, сүйектердің, лимфа жүйесінің қатерлі ісіктері бар пациенттерге ұзақ мерзімді емдеу процесі кезінде жоғары дозалы химиотерапия әдістемесі енгізілуі де облыс медицинанасының жаңа тынысы ашылғанын көрсетеді.
Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жайы да оң шешім тапқан жайы бар. 2023 жылы 430 бірлік жабдық сатып алынды. Оның ішінде Семей қаласының 7 емханасына МРТ аппаратымен, «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» КТ аппаратымен қамтамасыз етілген.
2023 жылдың қараша айында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 73 150 000 теңгеге аудандық ауруханаға «С дуга» «General Electric One» жылжымалы рентгент аппараты алынды. Соның нәтижесінде «Сирақ сүйектерінің күрделі сынықтарына тұрақтандырушы остеосинтездер», «Сан сүйегінің күрделі сынықтарына тұрақтандырушы остеосинтездер» сияқты заманауи оталар жасау қолға алынған. 2023 жылы алғаш рет Үржар ауданының көпсалалы орталық ауруханасында «С дуга» аппараты көмегімен аяқ сүйегінің жабық сынығымен түскен науқасқа бекітілетін интрамедулярлы остеосинтез операциясы сәтті жасалып, науқастың жағдайы жақсарғаны да аудандарда заман талабына сай медициналық қызметтің ілгерілегенін байқауға болады.
Аудандарды «Жедел жәрдем» көлігімен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапқан. Абай облысының Жедел медициналық жәрдем қызметі Семей қаласының оң және сол жағалауында орналасқан екі қосалқы станциядан, сондай-ақ облыс аудандарында орналасқан 18 ЖМК қосалқы станциясынан тұрады. Облыстық медициналық көмек станциясының құрылымында 58 ЖМК бригадасы жұмыс істейді, оның ішінде 36-сы қалада, 22-сі аудандарда қызмет көрсетіп отыр. Жедел медициналық жәрдем станциясының құрамына Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті, Ақсуат және Курчатов қалаларында орналасқан бөлімшелер кіреді. Өңір бойынша көшпелі шұғыл және жоспарлы-консультациялық көмек (медициналық авиация) бөлімшесі де дер кезінде көмек көрсетуге даяр.