Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
491.7 531.28 5.07

Олжас Бектенов Семей қаласы Бас жоспарының жаңа жобасымен танысты

26-07-2024, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Семей қаласының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау және абаттандыру жұмысын тексеріп, жаңа автомобиль көпірі құрылысының барысымен және аспалы көпірді реконструкциялау жоспарымен танысты.

Олжас Бектенов аспалы көпірдің астында орналасқан облыс орталығының сол жағалауындағы жаңа қоғамдық кеңістікті аралап көрді. Бірегей жоба өмір сүруге қолайлы орта құру және «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын орындау мақсатында жүзеге асырылған. Мұнда барлығы 12 мың м2 аумақ абаттандырылған. Жанкүйерлерге арналған трибуналары бар баскетбол және футбол алаңдары бар.

Іс-шаралар мен концерттер өткізуге арналған амфитеатр мен сахна орнатылды. 250 көше шамы орнатылатын сәулеттік жарықтандыру қарастырылған. 1500 м2-ден астам қабырғаға көркем кескіндеме салынған. 370 м тротуарды жайластыра отырып, 5 мың м2 жер асфальтталды. Бұл аймақ қала тұрғындары мен Семей қонақтарының, әсіресе жастардың сүйікті демалыс орнына айналды.

Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов абаттандыру бойынша алдағы жоспарды және қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеудің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Жоба әзірленді және кешенді қала құрылысы сараптамасының қарауында. Бас жоспарда әлеуметтік, рекреациялық және өндірістік аймақтарды қоса алғанда, облыс орталығының аумағын дамытудың негізгі бағыттары негізге алынған. Биылғы қыркүйек айында құжатты «Ашық НҚА» порталына орналастыру жоспарда бар. Бұдан әрі жұртшылықтың талқылауынан өтіп, Үкіметтің бекітуіне ұсынылады.

Олжас Бектенов автомобиль көпірін реконструкциялау барысымен танысты, ондағы жұмыстар 2022 жылы басталды. Жаңа төрт жолақты құрылымның жалпы ұзындығы – 1,3 км, ені – 23 м. Ал 1964 жылы пайдалануға берілген ескі автомобиль көпірі тек жаяу жүргіншілер қозғалысы үшін пайдаланылатын болады. Бүгінгі таңда тіректерді салу, бұрғытолтырмалы қадаларын орнату және бетондау жұмысы жүргізілді. Барлығы 9 тірек пен 8 аралық салынады.

Сондай-ақ Семейдің визитті карточкасы – аспалы көпірді реконструкциялау жоспарлануда. Тексеру нәтижесінде объектінің жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланды. Жол төсемін ауыстыру, кабельдердің инженерлік желілерін қайта құру, коррозияны жою, металл конструкциясын сырлау және су бұрғыштарды жөндеу секілді барлық қажетті жөндеу жұмыстары ескерілген жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу сатысында.

Семей облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін мұнда көлік құралдарының қозғалысы едәуір артты. Қаланы Ертіс өзені қақ жарып өтеді, ал екі жағалауды байланыстыратын көпірлер көлік қатынасының қарқынын арттыруға ықпал етеді. Бұл ретте аспалы көпір Семей қаласының ажары болып саналады. Бүгінгі таңда ТМД елдерінің ешқайсысында да осындай құрылыстар жоқ. Осыған байланысты Үкімет басшысы реконструкциялау жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін бірқатар тапсырма берді.

Семей айналма жолын салудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл ретте ұзындығы 51,5 км ІІ техникалық санаттағы айналма жол Семей қаласының батыс жағынан қарастырылған. Екі жолақты қозғалыс, 6 көлік жол айрығын, 3 көпір мен 2 жол өтпесін салу жоспарлануда. Облыс орталығы халықаралық автомобиль жолдары өтетін транзиттік қала болып саналады. Осыған байланысты Семей – Павлодар, Семей – Курчатов, Семей – Алматы және Семей – Өскемен автожолдарын жалғайтын көшелер мен транзиттік дәлізді жеңілдету қажет.

Абай облысының әкімдігіне Көлік, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп аталған жобаны іске асыру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

 Анықтама: Бас жоспардың жобасы бойынша: Семей халқының болжамды саны 2040 жылға қарай 385 мың тұрғын болады деп күтілуде. Тұрғын үй қорын – 11,2 млн м2 (қазір – 5,9 млн м2) – 2 есеге жуық ұлғайту қажет. 2040 жылға дейінгі демографиялық есептеулерді ескере отырып, қазіргі 82 мектепке қосымша әрқайсысы 1200 орындық 22 жаңа мектеп; қазіргі 35 балабақшаға қосымша әрқайсысы 240 орындық 58 жаңа балабақша; жалпы бір ауысымда 6 249 адам қабылдайтын 12 емхана салу қажет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив