Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру туралы: Өңіраралық байланысты нығайту керек
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қазалы ауданына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу нәтижелерімен танысты.
Климаттық жағдайдың күрделілігі аймақта өсімдік шаруашылығын жүргізуде қиындық туғызады, алайда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде кедергіні еңсергендер бар.
Мәселен, Салтанат Ражатова 8,6 млн теңгелік несие алып, жылыжай тұрғызуды қолға алған. Былтыр басталған кәсіп алғашқы жемісін бере бастады. 160 шаршы метр аумақта қияр егіліп, 60 келі өнім берген.
«Бүкіл отбасымызбен осы жылыжай жұмысын жүргізе бастадық. Әзірге нәтиже жаман емес деп санаймын. Өнімге сұраныс бар. Кәсіпкер үшін маңыздысы осы. «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие шарттары өте тиімді. Тек еңбек етуге ниет болуы керек», — дейді Салтанат Ражатова.
Толқын Бижанова алғашқыда кондитерлік өнімдерді үйден әзірлеп, ауылдастарының тапсырыстары бойынша жұмыс істеп келген. Кәсібін бөлек цех деңгейінде жүргізуді ұйғарған ол 6,5 млн теңге алып, бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал Ғалия Қартабаева аудандағы жас кәсіпкерлердің бірі, бағдарлама аясында 5,4 млн теңге несие алып, автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталығын ұйымдастырған.
Жұмыспен қамтылған екі адамның күніне 5 машинаға қызмет көрсетер қауқары бар. «Еңбек етуге ниеті бар адам кез келген кәсіпті қымсынбай қолға алуы керек», — дейді жас кәсіпкер.
Қазалы аумағында түйе ұстайтын ағайын баршылық. Алайда, шұбаты сауылған күйі сатылумен шектеліп келеді. Вице-премьер түйе сүтін терең өңдеудің әлеуеті бар екенін атап өтіп, Алматы облысында шұбаттан бірнеше өнім әзірлеп отырған «Дәулет-Бекет» ауыл шаруашылық кәсіпорнын мысалға келтірді.
Ауыл тұрғындарын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру қажеттігін, ол ең жақсы нәтиже бере алатынын атап өтті, бұл жақсы нәтиже бере алады. Жергілікті тұрғындармен және аудан әкімдерімен кездесуде ол Батыс Қазақстан Қоскөл ауылында барлық 227 ауланың басын қосқан серіктестіктің табысты тәжірибесін мысалға келтірді.
Вице-премьер сонымен қатар өндірілген өнімді кәдеге жаратудың бір жолы ретінде Түркістан облысының тәжірибесін атады, онда жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында аймақтағы әлеуметтік нысандардың асханаларын жөндеп, оларды азық-түлікпен қамту ісін қолға алған. Аталған тәжірибе Қызылорда облысында да енгізілуі мүмкін. Мұнда жергілікті «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы орталық оператор бола алады.
«Әр облыстың әрине өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда, өзара байланыс арқылы бірлесе жетістікке жетуге болары даусыз. Бұл ретте аймақ басшылығы белсенділік танытуы тиіс. Сайып келгенде бұл қарапайым азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға елеулі әсер етеді. Әр азаматтың, отбасының бақуатты болуы мемлекетіміздің тұрақты болуының кепілі екенін естен шығармайық», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.