Ұлттық экономика министрі Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді
Бобровка ауылының тұрғындары ауыз су сапасына шағымданды. 12 жыл ішінде сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту өткір мәселеге айналған.
Әлібек Қуантыров атап өткендей, «Ауыл – Ел бесігі» аясында сумен жабдықтау желісінің жобасы қолдау тапты. Яғни, көпжылдық прблема шешімін табады. Министрдің сөзінше, өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі - инфрақұрылымды жаңғырту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және оны Өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу болып табылады.
Глубокое ауданы әкімдігінің мәліметінше, жаңа су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 62 шақырым. Биыл 1,8 млрд теңге көлемінде қаражат бекітілді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары Семиянов көшесінің бойындағы көпірдің апатты жағдайы, көшелерді жарықтандыру, жалпы ұзындығы 35,5 шақырымды құрайтын кентшілік жолдарды жөндеу бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Министр өңірдегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Ол әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жалпы сипаттағы трансферт пен жергілікті бюджет шеңберінде жүзеге асырылатынын еске салды. Яғни, жөндеуге арналған ағымдағы шығыстар облыс әкімдіктерінің қарамағына берілді.
Өз кезегінде, жергілікті органдардың хабарлауынша, жолдарды орташа жөндеу және көшелерді жарықтандыру мәселесі «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында шешіледі.