Абай облысында телехикаялар мен бейнебаян түсірілімдері басталды
Абай облысында кино, медиа, музыка және дыбыс, цифрлық өнер, сән және дизайн зертханаларын, сондай-ақ ашық коворкинг пен инкубация, акселерация кеңсесін қамтитын шығармашылық индустриялар паркі дамып келеді. Бұл бастамалар облыстың мәдени-шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жақын арада «Abai IT-Valley резиденттерінің күшімен әзірленген ойын автоматының бірегей жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл құрылғының ерекшелігі – оған «jidek.kz» порталында жарияланған қазақстандық әзірлеушілердің ойындары кіреді.
Негізгі жобалардың бірі – танымал блогер Лаура Еркебұланның қатысуымен «Смартфонның екінші жағы» аталатын веб-сериалының түсірілімі болмақ. Сериал заманауи, динамикалық стильде түсіріледі.
«Lakol» комедиялық сериалының түсіріліміне де дайындық қызу. Шығармашылық индустрия паркінде «Патруль» сериалына кастинг ұйымдастырылмақ. Бір ерекшелігі, Диас Мусалимов пен битмейкер Ерқанат Ерназыұлының бірлескен жұмысы да қолға алынады.
Сонымен қатар, облыстың қолөнершілері, суретшілері мен дизайнерлері үшін интерактивті алаң әзірлей отырып, жергілікті музыканттар мен әншілерді насихаттауға арналған музыкалық жоба жүзеге асырылуда. Невзоровтар отбасылық бейнелеу өнері мұражайы базасында суретшілердің картиналарының, «Қолөнер орталығы» базасында қолөнер бұйымдарының аукционын өткізу жоспарлануда.
Өңірдің танымалдығын арттыру мақсатында Семей қаласының халықаралық әуежайында Абай облысының брендтік өнімдерін сатуға арналған павильон орнатылады.