2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қатты пайдалы қазбаларды барлауға 320 лицензия берілді
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жер қойнауын пайдалануға 333 лицензия берілді, оның 320-сы қатты пайдалы қазбаларды барлауға және 800-ден астам өтінімді қарау нәтижесінде 13-і қатты пайдалы қазбаларды өндіруге берілген.
Міндеттемелерді орындамау салдарынан жер қойнауын пайдалануға 32 лицензия мен 22 келісімшарт тоқтатылды. Мамыр айында қатты пайдалы қазбаларды барлау құқығына электронды аукцион өткізіліп, қол қойылатын бонусының сомасы 89 млн теңгеден астам соманы құрады. Сондай-ақ 20 мамырда Солтүстік Қазақстан облысындағы Обуховское кен орнын өндіру құқығы бойынша аукцион өтті. Министрлік 2024 жылғы 12 тамызда қатты пайдалы қазбалардың баланстық қоры бар 23 кен орны бойынша электрондық аукцион өткізілетінін жариялады.
Министрлік инвестицияларды тарту мақсатында заңнама мен рәсімдерді жеңілдету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта инвестициялық ахуалды жақсартуға және жер қойнауын пайдалану саласын жақсартуға бағытталған екі заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобаларын талқылауға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Одан бөлек, Қазақстан 2007 жылдан бері Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасының (ӨСАБ) қатысушысы болып табылады. 2024 жылдың 1 сәуірінде ӨСАБ талаптарына сәйкестікті растаудың кезекті рәсімі басталды. 5 шілдеде Мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі ӨСАБ іске асыру туралы 17-ші Ұлттық баяндаманы және 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын дайындау бойынша техникалық тапсырманы бекітті. Министрлік валидацияның маңызды көрсеткіші болып табылатын есепті дайындау үшін тәуелсіз әкімшіні таңдау бойынша мемлекеттік сатып алуды бастады.
Министрлік «minerals.gov.kz» Жер қойнауын пайдаланушыларға арналған бірыңғай платформасында қызмет көрсету бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруды жалғастыруда. Қазіргі уақытта платформада 3500-ге жуық пайдаланушы тіркелген, жыл соңына дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерді платформамен интеграциялауды аяқтау жоспарлануда.