Қазақстанда әлемдегі 147 елдің кітапханашыларын біріктіретін Конгресс өтеді
Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясы (IFLA) Әлемдік кітапханалар және ақпарат конгресін (WLIC) өткізу орны ретінде Қазақстанның Астана қаласын таңдағанын жариялады. Конгресі 2025 жылы 18-22 тамыз аралығында өтеді. Іс-шараға 4000-ға жуық адам қатысады.
Қазақстанда IFLA-ның дүниежүзілік Конгресін өткізу еліміздің кітапхана кадрларының кәсібилігін жетілдіруге және кітапхана мен ақпарат қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған.
Бұл IFLA-ның Орталық Азиядағы халықаралық кітапхана саласын дамытудағы рөлін күшейтетін алғашқы басты іс-шара болмақ. Конгреске қатысушылар еліміздің бай тарихымен және мәдени дәстүрлерімен де кеңірек таныса алады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық шарада әлемнің түкпір-түкпірінен білікті кітапханашылар бас қосып, тәжірибе алмасып, жаңа ақпараттық технологиялар мен кітапханашылардың жетістіктерін талқылап, ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатады.
Айта кетейік, IFLA – әртүрлі елдердегі кітапхана ісінің озық тәжірибесін жинақтайтын, талдайтын және әртүрлі кітапхана түрлерімен (көпшілік, мектеп, университет, арнайы, әртүрлі шектеулері бар адамдарға арналған және т.б.) пайдаланушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастырудың халықаралық стандарттарын белгілейтін кітапхана мамандарының жаһандық қоғамдық ұйымы.