Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Қанат Бозымбаев Жаңаөзен қаласының стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар жұмысымен танысты

2-08-2024, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Президенттің елдің батыс өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың шұғыл шаралар жиынтығын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.  

Вице-премьер халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін қалалық «Өзен» су тазарту нысанының жұмысымен танысты. Өндіріс көлемін ұлғайту және тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру үшін 2025 жылы 30 мың текше метр су жинауға арналған резервуар салу туралы шешім қабылданды. 

«Жаз мезгілінде Жаңаөзен қаласының тұрғындары таза ауыз су тапшылығына тап болады. Бұл мәселені шұғыл шешу керек. Әкімдікке келесі жазға дейін резервуарлар салып, оны іске қосуды қаржыландыруды қарастырып үлгеру үшін қараша айының соңына дейін қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырамын», — деді Қанат Бозымбаев. 

Сондай-ақ вице-премьер Жаңаөзен қаласында сумен жабдықтау (21,1 км) және су бұру (21,9) желілерін реконструкциялаумен және кеңейту жұмыстарымен танысты. Биылғы жылы «Шаңырақ», «Шұғыла», «Астана», «Мамыр» және «Теміржол вокзалы» шағын аудандарындағы жұмыстар аяқталады. Ал 2025 жылы қалада кәріз тазарту құрылысын қайта жаңарту ісі басталады. 

Осы жылдың желтоқсан айында қуаттылығы тәулігіне 50 000 м3 су тұшытатын зауыттың құрылысы басталып, 300 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында вице-премьер «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-іне барды. Онда 700-ден астам адам еңбек етеді. Зауыт жылына 1,5 млрд текше метр шикі газды өңдейді. Кәсіпорын аумағында жаңа газ өңдеу зауыты салынуда, ол 2027 жылы іске қосылып, қосымша 700 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Жаңаөзенде сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр, бұл қосымша 250 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

Маңғыстау облысында Qazaq Gaz компаниясы түрік инвесторы Esta Construction-мен бірлесіп, 400 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін карбамид пен аммиак өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.

Жұмыс сапары аясында Қанат Бозымбаев «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға барды. Компания басшылығына «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарын оңалту жобасына сәйкес, мұнай өндіру көлемін ұлғайту тапсырылды. 

Қорытынды бойынша, вице-премьер ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, энергетика вице-министрлерінің қатысуымен кеңес өткізді, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың есептерін тыңдап, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласы бойынша да бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив