Жаңа гранттар мен инфрақұрылым жобалары: 2024-2025 оқу жылында студенттерге не дайындады
Биыл мектептерді 188 мыңнан астам түлек бітірді. Оның 140 мыңға жуығы жоғары оқу орындарына түседі деп күтілуде. Осылайша, биылғы оқу жылында студенттердің жалпы саны 650 мыңға жуық адамды құрайды.
Гранттарды бөлу, студенттерді қабылдауға дайындық, оларды жатақханаларда орындармен қамтамасыз ету туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады.
Министдің айтуынша, 2022 жылдан бастап гранттар саны артып келеді. Сонымен қатар жоғары білімнің қол жетімді болуын арттырудың қосымша тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, дифференциалды гранттар, жеңілдігі бар несиелер, «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары.
Қазіргі уақытта республикада 120 ЖОО жұмыс істейді. Министрлік алдағы 3 оқу жылына кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты бекітті. 2024-2025 оқу жылына барлығы 94250 грант бөлінді. Оның ішінде 79 мыңға жуығы бакалавр үшін, 13 мыңнан астамы магистратураға және 2919 грант докторантураға бөлініп отыр.
181 мыңнан астам талапкер екі мүмкіндікті ескере отырып, ҰБТ-ны 326 мың рет тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға жуық өскен. Үміткерлердің 82%-ы шекті балдан өтті. Биыл гранттар конкурсына былтырғымен салыстырғанда 11 мың талапкер көбірек қатысты. Гранттарды беру туралы шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдап, нәтижесі 3 тамызда жарияланды.
«Мемлекеттік білім беру тапсырысы соңғы 3 жылда алғаш рет 99%-ға игерілді. Атап айтсақ, конкурс нәтижесі бойынша әлеуметтік осал топтардан 412 жетім бала, мүгедектігі бар 382 адам, көпбалалы отбасынан шыққан 3 576 бала, толық емес отбасынан шыққан 933 бала, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан 437 балаға грант берілді», — деп мәлімдеді министр.
Биыл алғаш рет қандастарды қабылдау процедурасын өзгерту нәтижесінде 1 604 қандасқа грант берілді. Бұған дейін қандастар ҰБТ-ң 5 пәнін тапсырған болса, 2024 жылдан бастап тек 3 пәнді (оқу сауаттылығы, 2 бейінді пән) тапсырады және оларға шектік балл жинау бойынша талап қойылмайды.
Сондай-ақ батыс және халқы тығыз қоныстанған өңірлерден шыққан жастарға арналған 5000 мақсаттық грант 100% игерілді. Министр елдегі су тасқынына байланысты зардап шеккен өңірлердің түлектеріне 5112 грант бөлінгенін жеткізді, бұл гранттардың аз бөлігі.
«20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі жалпы конкурспен өтті. Зардап шеккен аймақтар үшін квоталар қарастырылғанымен, осы аймақтардағы талапкерлердің көпшілігі жалпы конкурс бойынша гранттар алды. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді, және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді»,— деп мәлімдеді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария бойынша гранттар толық игерілген. Биыл алғаш рет 300 сараланған грант бөлініп, оған 31 мыңнан астам үміткер өтініш берді.
Бұл тұрғыда мемлекеттік тапсырыстың 60%-дан астамы экономиканың басым бағыттары (инженерлік іс және құрылыс, педагогика, денсаулық сақтау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария) бойынша кадрлар даярлауға бағытталды.
Жалпы алғанда, ҰБТ нәтижесі бойынша ең жоғары конкурс стоматология (1 орынға 35 адам), халықаралық қатынастар (1 орынға 12 адам), аударма ісі (1 орынға 10 адам), психология (1 орынға 9 адам), құқық (1 адамға 8 адам), сызу пәнінің мұғалімі (1 орынға 8 адам), шет тілі мұғалімдерін даярлау (1 орынға 8 адам) білім беру бағдарламалары бойынша болған.
Ең аз конкурс көлік құрылысы, механика және мал шаруашылығы бойынша оқыту бағдарламаларына қатысты.
«Бөлінген гранттардан басқа қосымша да гранттар қарастырылған. Қазіргі таңда 2 000 астам грант жергілікті атқарушы органдардан бөлініп отыр. Бұл көсеткіш тағы ұлғаяды. Сонымен қатар KazEnergy қауымдастығының гранттары бар. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түрік Республикасының 500 гранты берілді. Freedom Finance Group компаниясынан 400 грант кеше бөлінді. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынды. «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөледі. Бұдан бөлек, еліміздің 18 жетекші университеті өздерінің ректорлық гранттарын ұсынады. Олардың қатарында Сәтбаев, Есенов, Аманжолов, Торайғыров атындағы Тұран-Астана секлді университтер бар. Сессия нәтижелері бойынша бос гранттарды алу мүмкіндігі бар. Жұмыс берушілердің гранттары да қарастырылған», — деп хабарлады спикер.
Қазіргі таңда 8 000-нан астам қосымша гранттар бар. Бұл көрсеткіш кем дегенде 10 000-нан астам грантқа жетеді.
Оқу жылының басында студенттер үшін маңызды мәселенің бірі – жатақхана. Олардың жетіспеушілігі мәселесі тек Алматы мен Астанада ғана қалып отыр. Министрлік жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын нығайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу бойынша жұмыс істейді. Нәтижесінде 27 мың төсек-орынға арналған 126 нысан пайдалануға берілді. 2024 жылы 10576 орынды 27 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда. Олардың ішінде ең үлкен нысан – Еуразия ұлттық университетінің 2,7 мың төсек-орынды студенттік қалашығы, Петропавл қаласында 1,2 мың және 306 орынды Қозыбаев университетінің жатақханасы.
«Бұл тетіктер заманауи дизайны бар, жасыл кампус тұжырымдамасымен және шетелдік студенттік резиденциялар (student residence) форматына сәйкес келетін жатақханалар салуға мүмкіндік берді. Мысалы, бұндай жатақханалар Алматы қаласында пайдалануға берілетін НАРХОЗ – 424 орынды жатақханасы. Астана мен Алматыда Ғылым және жоғары білім министрлігі ғимараттарды жатақханаға айналдыруға мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде. Студенттердің оқу жылының басында көптеп келу, әсіресе Алматы мен Астанаға айтарлықтай келуі күтілетіндіктен, біздің министрлік бірыңғай колл-орталық пен ахуал орталығын ұйымдастырады», — деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ студенттерді жатақханаларға орналастыру күндерінде әрбір жоғары оқу орнында көмекке мұқтаж студентті қолдау үшін ахуал орталықтары барлық жоғары оқу орнында қыркүйек айының ортасына дейін жұмыс істейтін болады. Барлық нысандар бойынша мәселе тұрақты бақылауда.
Биыл 1 маусым мен 15 тамыз аралығында жоғары оқу орындарымен жөндеу жұмыстары жоспарланды. Қазіргі таңда әкімшілік-оқу корпустарының саны – 508 бірлікті құрайды. 20 жоғары оқу орнында күрделі жөндеу, 79 жоғары оқу орнында ағымдағы жөндеу жүргізілуде. 14 жоғары оқу орнындағы жатақханаларда күрделі жөндеу, 63 жоғары оқу орнындағы 175 жатақханада ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кітапханалар мен асханалар күрделі және ағымдағы жөндеумен қамтылған. Барлық жұмыстар 25 тамызға дейін аяқталады.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Мемлекет басшысының елімізде жетекші шетелдік оқу орындарын ашу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Оларды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Алматыда 5 үлкен кампус ашу жоспарланған, жұмыс жүргізілуде. Астанада 2 жетекші британдық университеттің кампусын ашу жоспарланып отыр. Түркістанда кореялық жетекші технологиялық ЖОО-ның үлкен филиалы ашылады.
Жалпы, жетекші шетелдік зерттеу жоғары оқу орындарының 27 филиалы ашылуда. Биыл оларда оқу үшін 1,8 мың грант қарастырылған. 1014 грант игерілді, бірақ конкурстық рәсімдер аяқталған жоқ.
Министрліктің алдында ендігі уақытта жоғары оқу орындарын ғылыми-зерттеу форматына көшіру бойынша үлкен міндет тұр. Биылдан бастап бұл ауқымды жұмыс қолға алынады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ Қазақстанда оқитын шетелдік студенттермен тығыз ынтымақтастықты пайдалану жоспарлануда. Осылайша, академиялық стратегия өмірге келеді.