Астанада Өзбекстанның заманауи өнері таныстырылды
Елордада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қала тұрғындары мен қонақтарын көрші елдің бай мәдени мұрасымен, дәстүрлерімен таныстырған бірнеше маңызды іс-шаралар өтті.
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылды. Экспозицияда ағаштан жасалған бұйымдар, сюзане кестелері, адрас, қолдан тоқылған жібек, шекіме және миниатюралық шеберлердің жұмыстары, сондай-ақ әртүрлі аймақтардан келген керамика сияқты 180-нен астам жұмыс ұсынылды.
Көрме 2024 жылғы 8 тамызға дейін жалғасады.
Сонымен қатар бүгін режиссер М.Эркинов 2023 жылы түсірген «Абдулла Орипов: Тәуелсіздік жыршысы» фильмінің көрсетілімі өтті. Фильм көрнекті ақын, Өзбекстанның мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы Абдулла Ориповтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Бұл фильмнің көрсетілімі 2024 жылғы 7 тамызға дейін өтетін Өзбекстан киносы күндерінің бір бөлігі болды. Ертең көрермендерге ол отбасылық құндылықтар тақырыбын әзілмен айтатын «Яша, Хотин!» (Жарайсың, әйелім!) комедиясы көрсетіледі.