«Стратегия» қоры Сенат қызметін қабылдау туралы әлеуметтану саласындағы зерттеу жүргізді
ҚР Парламенті Сенатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қызметін қабылдау» тақырыбы бойынша әлеуметтік зерттеу қорытындысының таныстырылымы болды.
2022 жылғы желтоқсанда «Стратегия» әлеуметтік саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры халық пен сарапшылардың сауалнамасы қамтылған әлеуметтану саласындағы зерттеу жүргізген болатын. Зерттеудің негізгі нәтижелерін қор президенті Гүлмира Илеуова депутаттарға жария етті.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина шараны аша келіп, бұл зерттеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің саяси жүйесін қайта жаңғырту, күшті және ықпалды Парламентті қалыптастыру жөнінде алға қойған міндеттері мен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ескере отырып жүргізілгенін атап өтті.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жалпы қазақстандықтар елімізде болып жатқан өзгерістерді оң бағалап отыр. Әлеуметтану сауалнамасына қатысушылардың басым көпшілігі Қазақстанда жүргізіліп жатқан жан-жақты реформаларды көздейтін саяси бағытқа сенім білдірген болатын. Әлеуметтанушылар сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша Сенат қызметіне деген қоғамдық сенімнің арта түскенін атап өтті.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың үштен екісі өздерінің өмір сүру деңгейіне ризашылығын жеткізген. Сонымен қатар, көптеген азаматтар бағаның өсуіне, жұмысқа орналасудағы қиындықтарға, сапалы медициналық қызметтерді алуға алаңдаушылық білдіріп отыр. Еліміздің Президенті ең алдымен атқарушы және өкілді билік органдарына дәл осы мәселелерді шешуді бағдар еткен болатын.
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры сауалнама жүргізген сарапшылар сенаторлардың заң шығару жұмысының сапасын, заң шығару процесіне қоғам өкілдері мен сарапшыларды тартуды, Сенаттың ақпараттық ашықтық деңгейін жалпы оң бағалады. Сарапшылар бұл ретте Сенат қызметінің қазіргі кезеңдегі негізгі басымдықтары – өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту, азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау болуы тиіс деп санайды.