Құрылысшыларға құрмет көрсетілді
Кез келген қаланың экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуымен тығыз байланысты. Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай қадірлі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екені баршамызға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық.
Құрылысшылар күні қарсаңында Абай облысы әкімінің орынбасары Д. Гариков, Семей қаласы әкімінің орынбасары А.Хамзаев құрылыс саласында аянбай еңбек етіп жүрген өз ісінің мамандарын марапаттап, алғыс хаттар мен «Құрмет грамотасын» табыстады.
Қалалық мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген құрлысшыларға толағай табыс, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 2023 жылы Қарағайлы шағын ауданында 1703 пәтерлі 26 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Олардың ішінде 5 үй 351 пәтерлі 2023 жылы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 30-дан астам тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары әлеуметтік нысандарда қаламызда көптеп салынуда.