Көлік министрі inDrive платформасының негізін қалаушымен кездесті
Көлік министрі Марат Қарабаев inDrive сервисінің негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті. Министр жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті нарық құру қажеттігін атап өтті.
Биылғы маусымның басында inDrive, Көлік министрлігі және Ішкі істер министрлігі арасында үшжақты Меморандумға қол қойылды. inDrive басшысының ақпаратына сәйкес Меморандум аясында қала ішіндегі және қалааралық тасымалдарда қауіпсіздікті арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Платформаның жүздеген жүргізушілері жол қауіпсіздігі ережелері мен қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша оқудан өтті. Сонымен қатар тамыз айының басында Алматы-Қонаев тас жолының қауіпті учаскесінде жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау тақырыбына билбордтар орналастырылды. Платформа өкілі компания осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ниетті екенін айтты.
Сондай-ақ, inDrive, ҚР Көлік министрлігі және ІІМ арасында жылдамдық режимі бойынша деректер алмасу мәселесі талқыланды.
Министр таксомоторлық тасымалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жұмыстың қажет екендігін атап өтті:
- жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек, еңбек және демалыс кестесін және жылдамдық режимін сақтауы тиіс;
- таксомоторлық тасымалдарға тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс.