Айман Нұрлыбек: «Барлық бейімделу шаралары құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес болуы керек»
Абай облысында мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандарда кедергісіз орта құру шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесте ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне сай бейімдеудегі жетістіктерді баяндады.
Нысандардың қолжетімділігін бақылау үшін әр аудан мен қалада жұмыс барысын бақылайтын мобильді топтар құрылды. Қазірдің өзінде inva.gov.kz сайтындағы «Әлеуметтік қорғау порталы» ақпараттық жүйесінде 1251 бейімделген әлеуметтік нысан бойынша мәліметтерді қамтитын қолжетімділік картасы қалыптастырылды.
2021-2023 жылдар аралығында 436 нысан толығымен бейімделді. «АМАNАТ» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 2023-2027 жылдар аралығында 989 нысанды жабдықтау жоспарланған. 2024 жылы 227 нысан бейімделмек, оның 153-і мемлекеттік (білім беру, мәдениет нысандары, денсаулық сақтау, әкімшілік және аумақтық мемлекеттік органдар) және 74-і жеке мекеншік (сауда орталықтары, банктер, дүкендер, дәріханалар, вокзал және «Қазпошта» филиалдары) ғимараттар. Бүгінде 112 нысан толық бейімделуден өтті.
Барлық шаралар құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жасалып, сонымен қатар «интерактивті қол жеткізу картасына» енгізіледі.