Қазақстанда қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны артты
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше жыл басынан бері қамқоршылық органдары қызметкерлерінің штат саны 47%-ға артты. Бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайларын жүйелі тексеруге мүмкіндік берді.
Комитет төрағасының айтуынша, қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Айта кетейік, жыл басынан бері патронаттық тәрбиедегі 17 660 жетім баланың өмір сүру жағдайы тексерілді. Тұрмыстық жағдайына, балалардың денсаулығына, физикалық және эмоционалдық дамуына, сондай-ақ отбасылық қарым-қатынастарға ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы бойынша қамқоршылар мен қорғаншылардың қызметін одан әрі бақылау бойынша ұсынымдар берілді. Бұл шаралар қорғаншылық пен қамқоршылық жүйесін әрі қарай жетілдіруге, қорғау мен қолдауға мұқтаж балалардың балалық шағы мен болашағын лайықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.