Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне 28 жыл құрметіне орай салтанатты жиын өтті
Ақтауда Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері туының көтерілгеніне 28 жыл толуына орай салтанатты рәсім өтті.
Атаулы күнді мерекелеуге Әскери-теңіз күштері қолбасшылығы мұқият дайындалды. Мереке Әскери-теңіз күштері жеке құрамының сап түзеп, салтанатты түрде Ту көтеруден басталды. Бұл теңізшілер бауырластығының құндылықтары мен мұраттарын бейнелейтін рәміз.
Әскери-теңіз базасының, теңіз жаяу әскерлері бригадасының, авиациялық базаның, Әскери-теңіз күштері теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонының, Шекара қызметі бірінші дивизионының жеке құрамы Ақтау қаласының көшелерімен салтанатты шерумен өтті.
Салтанатты рәсімге ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Серік Борамбаев және ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің алғашқы бас қолбасшысы контр-адмирал Ратмир Комратов қатысты.
Сондай-ақ, теңізшілерді құттықтауға Ақтауда орналасқан барлық бөлімшелерден Қарулы күштердің, Әскери-теңіз күштерінің ардагерлері мен әскери қызметшілер келді. Оларға бөлім аумағы бойынша экскурсия және жаңа әскери техниканы көрсету ұйымдастырылды.
Теңізшілерді құттықтай отырып, генерал-майор Серік Борамбаев Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы өз міндеттерін лайықты орындап жатқанын және бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің мемлекеттік шекараларын қорғауда сенімді тірек болып табылатынын атап өтті.
– Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы өзінің алдына қойылған оқу және жауынгерлік міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсай отырып, Каспий теңізінде әскери-теңіз туын абыроймен көтеруді жалғастыратынына сенімдімін, - деді Серік Борамбаев.
Салтанатты рәсім барысында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Серік Борамбаев Әскери-теңіз күштерінің дамуына үлес қосқан бірқатар әскери қызметшілер мен адамдарды "Ел қорғаны" медалімен, сондай-ақ Қорғаныс министрінің атынан грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады.
Контр-адмирал Ратмир Комратов Әскери-теңіз күштерінің ардагерлері мен әскери қызметшілеріне әскери антқа адалдығы үшін алғысын білдірді.
- Отанды қорғау - әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Әскери-теңіз күштерінің арқасында елдің теңіз шебі сенімді қолда. Осы жылдар ішінде біз қуатты теңіз державасын құра алдық. Біздің кемелер теңіздегі вахтаны абыроймен алып жүрсін, - деді Ратмир Комратов.
Іс-шара концерттік бағдарламамен және Ақтау гарнизоны жеке құрамының салтанатты шеруімен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, негізгі оқиғадан бір күн бұрын БАҚ өкілдері мен қызмет ардагерлері үшін баспасөз туры өткізілген болатын. Оның барысында қонақтар сүңгуір орталығының жұмысымен, оның жабдықтарымен және сүңгуірлердің жұмыс процестерімен танысты.
БАҚ өкілдері сүңгуірлік түсулерді өз бетінше жасауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, ДШБ және диверсияға қарсы қайықты тарта отырып, пирсті қорғау бойынша көрсетілімдік жаттығулар өткізілді. "Орал" және "Сарыарқа" зымыран-артиллериялық кемелерінде кемелік-жауынгерлік жаттығуларды көрсете отырып, теңізге шығу жасалды. Қонақтар кеменің галлереясына барды, онда олар теңіз рационын сынап көрді.