Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қазақстанда маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Үкіметте эпидемиологиялық жағдай қаралды

20-08-2024, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жаңа маймыл шешегі вирусы мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінгі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.

Жалпы, 2022 жылдың мамырында маймыл шешегі вирусының алғашқы тіркелуінен бастап әлемде 99 мыңға жуық жағдай расталды, оның 189-ы өлімге әкелді. Эндемия тараған елдерге Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы жатады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізумен қатар, тәуекелдерді тұрақты бағалауды жүргізіп жатыр.

Африка елдерінен, сондай-ақ инфекцияны тасымалдау жағдайлары тіркелген басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жұқпалы аурудың кең таралуы, жұқпалылығы жоғары емес.

«Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдауда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Аталған инфекцияға күдікті науқастар әкелінген және анықталған жағдайда, жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бойынша Медициналық қызметтердің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Дәрілік заттар қорының қажетті көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жергілікті жерлерде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында», — деді Ержан Нұрлыбаев.

Үкімет басшысы әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, алайда тоқмейілсуге болмайтынын атап өтті. 

«Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты», – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив